Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін, 3 ақпанда Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Дегенмен ресейлік клубтың жағдайы тәуір. Турнир кестесінде 51 ойыннан кейін 69 ұпай жинап, 7-орында тұр. Ал «Барыс» 51 ойыннан кейін 60 ұпаймен 12-орында келеді.
Сол себепті қазақстандық клуб алғашқы минуттан шабуылға иек артқан болатын. Екінші кезеңнің 23-минутында «Барыс» хоккейшісі Кирилл Панюков есеп ашса, оған 31-минутта «Металлург» сапынан Андрей Нестрашил таразы басын теңестірді.
Ал 46-минутта ресейлік Михаил Пашнин «Металлургті» алға шығарды. Ресейлік тағы бір хоккейші Николай Голдобин 54-минутта қорытынды есепті белгіледі. «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық клуб 5 ақпанда Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасымен кездессе, 7 ақпанда қайтадан «Металлургпен» тағы бір ойын өткізеді.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын елордалық клуб «Барыс» елордада «Автомобилистке» есе жіберді.