«Барыс» клубы Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Мәскеудің «Спартагын» қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осының алдында қатарынан бесінші рет жеңілген елордалық команданың жағдайы мәз емес-ті.
Турнир кестесінде 25 ұпаймен жалпы есепте 19-ыншы, ал Шығыс конференциясында 10-орында тұрған еді. Плей-офф додасына қатысуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу биыл «Барысқа» оңайға түспейтін түрі бар.
Ал 34 ұпай жинаған «Спартак» жалпы есепте 12-інші, Батыс конференциясында 6-сатыда тұрған болатын.
«Спартакпен» ойында бірінші кезеңде Кёртис Валк 13-минутта есеп ашты. Екінші кезеңде де осы үштік көзге түсіп, К.Валк, Линус Виделль қатысқан әдемі комбинациядан кейін Якоб Лилья есепті 2:0-ге жеткізді.
Ойын барысында елордалық хоккейшілер жиірек тәртіп бұзғанымен, оны мәскеуліктер пайдалана алмады.
Үшінші кезеңде 55-минутта қонақтардан Йори Лехтеряның пасынан кейін Сергей Широков есепті қысқартты.
Осылайша «Барыс» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Келесі турда Юрий Михайлистің шәкірттері 1 желтоқсан күні өз айдынында «Сочи» клубын қабылдайды.