06 қаң, 2021 сағат 13:18

Хоккей: «Барыс» екінші ойында «Амурдан» жеңілді

Бүгін Ресейде Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» «Амур» (Хабаровск) командасымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Естерңізге сала кетелік, екі күн бұрын екі команда Хабаровскіде бір ойын өткізді. Бұл ойында «Барыс» буллиттен 5:4 есебімен басым түскен еді.

«Амур» хоккейшілері сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Кездесу басынан сауатты ойын көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан 9-минутта Кирилл Рассказов есеп ашып кетті. Ал 17-минутта «Амур» сапынан Гинек Загорна есепті үстемелей түсті. 

Гинек Загорна 21-минутта тағы бір мәрте мергенлік танытса, 32-минутта Александр Горшков «Барыс» қақпасын дәл көздеді. 

Үшінші кезеңнің 41-минутында елордалық клуб қатарынан Даррен Диц есеп айырмасын қысқартты. Бұдан кейін қазақстандық клубтың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Жеңіс шайбасын 59-минутта «Амур» хоккейшісі Владимир Бутузов соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 1:5 есебімен жеңіліп қалды. 

«Барыс» бұдан кейін 8 қаңтарда Екатеринбургте «Автомобилистпен» мұз айдынға шығады. Одан кейін 12 қаңтарда елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасын қабылдайды.