08 қаң, 2021 сағат 18:05

Хоккей: «Барыс» «Автомобилисті» жеңді

Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы аясында Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Екі команда да плей-офф кезеңіне шығуға күш салып келеді. Айта кетейік, «Барыс» соңғы 14 кездесудің 11-інде жеңіске жетті. Ал «Автомобилист» соңғы 7 ойында небәрі 2 рет жеңілді. Сол себепті бүгінгі ойын тартысты өтетіні анық еді. 

Кездесуді елордалық хоккейшілер сенімді бастады. Нәтижесінде бірінші кезеңде «Барыс» екі шайба соғып үлгерді. Алғашқысында Роман Старченко 3-минутта мергендік танытса, 10-минутта Якоб Лилья көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. 

Екінші кезеңнің 23-минутында елордалық Кирилл Панюков есепті үстемелей түсті. Ал 37-минутта «Автомобилист» хоккейшісі Анатолий Голышев есеп айырмасын қысқартты. 

Үшінші кезеңде ресейлік хоккейшілер «Барыс» қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Оған қазақстандық ойыншылар лайықты тойтарыс көрсете білді. 

Соңғы бес минутта айдын иелері ойыншы санының басымдығына ие болды. Сол сәтте Кертис Волк тәртіп бұзған еді. 

Ал 57-минутта «Автомобилист» сапынан Питер Холланд гол соғып кетті. 

Кездесу нәтижесінде «Барыс» қарсыласын 3:2 есебімен жеңді. 

Бұл жеңістен кейін елордалық клуб турнир кестесінде 13-орынға көтерілді. 

Айта кетейік, «Барыс» бұдан кейін үш ойынды өз алаңында өткізеді. Алдымен 12 қаңтарда елордада Ресейдің «Ак Барс» командасын қабылдаса, одан кейін 14 қаңтарда «Салават Юлаев», 17 қаңтарда «Амур» клубтарымен кездеседі.