14 қыр, 2021 сағат 14:12

Хитроу енді Еуропаның ең танымал әуежайы емес


Лондон қаласындағы Хитроу енді Еуропаның ең танымал әуежайы емес. Times газетінің дүйсенбі күні жазуынша, ол Еуропаның ең танымал әуежайлары тізімінде 10-шы орынға түскен. Пандемияға дейін Хитроу бұл тізімде көш бастап тұрған еді. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы жылдың тамыз айында Хитроуда небәрі 19,5 мың рейске қызмет көрсетілген. Ал Амстердамдағы Схипхол бұл көрсеткіш бойынша рекорд орнатып, 33 мың рейске қызмет етті. Еуропаның адам ең көп жиналатын әуежайының арасында Анталья, Афина, Барселона, Мадрид, Майорка, Ыстанбұл және Франкфурт, сондай-ақ париждік Руасси - Шарль де Голль әуе айлақтары де бар. 

Хитроудағы жолаушылар ағыны өткен айда 2,2 млн адамға жеткен. Бұл – 2020 жылдың көктемінен бері ең жоғары көрсеткіш. 

The Times басылымының жазуынша, Еуропаның көптеген әуежайларында бұл көрсеткіш Хитроуға қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп келеді. Бұрынғы деңгейге баяу оралу себептерінің бірі – Еуропаның басқа елдеріне қарағанда шетелден Ұлыбританияға кіруге талап өте қатаң. 

Әуе айлағының әкімшілігі ел үкіметін оларды жеңілдетіп, қолданыстағы коронавирус шектеулерінің бір бөлігін, соның ішінде елге кіргеннен кейін құны қымбат ПТР талдауды екі рет өту талабын алып тастауға үндеп отыр.