Жапонияда «Хайшен» тайфуны салдарынан Кюсю аралында 430 мыңға жуық үй электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды BBC агенттігі.
Билік алдын-ала жағалаудағы қалалардан екі жүз мыңнан астам адамды эвакуациялау туралы бұйрық берді. Жапонияның батыс префектураларындағы зауыттар, мектептер, дүкендер, кәсіпорындар жабылды. Жүздеген әуе рейсі, сондай-ақ теміржол байланысы тоқтады.
Сондай-ақ Ресейдің Приморье өлкесі мен Корея түбегінде де апатқа дайындық жүріп жатыр.
Бірнеше күн бойы Жапонияның оңтүстік аралдарына қарай жылжып келе жатқан «Хайшен» тайфуны жексенбіде айтарлықтай күшейіп, Мәскеу уақытымен шамамен 13.00-де жағалауға жетті.
Жапония метеорологиялық орталығының басшысы Йошихиса Накамото Хайшеннің өз күшін әлі де жоғалтпағанын ескертті.
Ойпатты аудандарда, әсіресе өзен сағаларында, күшті су тасқыны болуы мүмкін.
«Хайшен» - супертайфун, оның орталығындағы желдің жылдамдығы секундына 80 метрге немесе сағатына 290 км-ге жетеді.
Ресейлік Приморьеде «Хайшен» дүйсенбі-сейсенбі күндері де болады деген болжам бар. Онда Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері жоғары дайындық режиміне көшкен.
Бұл – соңғы аптада Жапонияда болған екінші күшті тайфун.
Мұнда бірнеше күн бұрын «Майсак» тайфуны болған еді, бұл – аймақтағы соңғы жылдардағы ең қатты соққан дауылдардың бірі.