26 шіл, 2016 сағат 12:48

Ханшайымым, «The Voicе»-ты көреміз бе, әлде «Қазақстан дауысын» ба?

Осымен «Қазақстан дауысы» да өз мәресіне жетті. Біздің елде қандай деңгейдегі байқау болсын аяғы шуға һәм үлкен дау-дамайға ұласып жатады. Біреулер оның ұйымдастырылу деңгейінен ілік іздесе, екіншілері қатысушы өрендердің талантына күмән келтіреді. Барлығы — халыққа аян. Қошеметін білдіріп, қуанатын да — солар, наразылығын айтып, жылап алатын да — солар.

«VOICE»-тың еліміздегі аналогы саналатын биылғы байқаудың ауыз толтырып айтатын ерекшелігі де, таңдай қақтыратын өзгешелігі де болған жоқ. Мектепаралық, университетаралық «шала-шаралардан» бір бас қана жоғары тұрды демесеңіз. Мойындарына қызыл шарф ораған ақ көйлек, қара бешпет пионерлердей алба-жұлба киімдерімен сахнаға атып шығатын сол баяғы «парадный» балалар, ауылдағы той-томалақтың басында отырып, келген-кеткен жергілікті әншісымақтарға «бәрекелді», «керемет» деп қол сілтеп, екінші күні түрін ұмытып қалатын апалардай сол баяғы әділқазылар, клубтағы шағын мерейтойлық кештерді жүргізетін асабадай сол баяғы жүргізуші. Айтып-айтпай не керек, шоу-бизнесіміздің әлі де той-бизнестің айналасындағы дәлдүріштердің ықпалымен жасалатын бейшара кейіпте екенін байқап отырмыз.

Сонда телевидениеде жүрген ұйымдастырушылар, күндіз-түні экраннан түспейтін әнші-қазылар мына халықты өздеріндей надан, өздеріндей сүйкімсіз бейнелердің массасындай елестете ме екен? Халықтың талғамы да, танымы да жоқ демекші ме? Қашанғы қазақи заң-закондардан арылмаған, ру-тайпалық қатынастағы шешімдермен былғанған, «дәу-дөкейлік ықпал» принципімен өмір сүретін есі-дұрыс емес дүниелерді көре бермекпіз?.. Мәдениет министрлігі «Аспанға қарап, жұлдыз санауды» қойған кезде шығар, кім білсін?!

Казнеттегі көпшіліктің де үнсіз қалмағанын байқап отырмыз. Журналистер мен блоггерлердің ордасында «Ербол — мықты», «Шығыс Қазақстан мықты бәрібір», «Мұратбек — талант», «Диана — недостойна финала» сынды қыңыр ойлар мен пәтуасыз пікірлер хит-парады құрылып отыр. Бұл да — қызық!..

Алғаш рет өткен «утренниктен-ақ», кешіріңіз, «Қазақстан дауысынан» бұл тойдың ұзаққа шаппайтынын сезгенбіз. Біртүрлі қатысушыларын қойшы, бүртүрлі әділқазыларын көргеннен-ақ (Медеу Арынбаевтан басқа) төбе шашымыз тік тұрды. Өнер адамында жасандылық болмайды деп ойлаушы ем (Әрине, Toni Braxton, Григорий Лепс, Tina Turner, Eros Ramazottiлерге қарап), дегенмен біздің елде таңғажайып дүниенің бәрі де болады екен: өтірік жылау, өтірік мүләйімсу, өтірік толғану, түптеп келгенде, өтірік эмоция… Қатысушылардың өтірік ән орындаулары, жасанды сөздері мен орынсыз мелизмдерін айтпағанда. «Черт побери, когда закончится этот балаган» деп қайғырар ма еді гений-Градский?!

 

Шығыстың ертегілер әлемінен топ ете түскен Шахаризаттың не үшін, қандай талантымен жеңгенің бір адам түсіндіріп берсе, сахнаға шығып дәл солай ән орындап беруші ем. Әттең, ондай бақыт бұйырмайды-ау. Мейлі, қазақша ән айтсын, мейлі, сауыт-сайманын арқалап шықсын, мейлі Нұрлан Албанды 100 кемпір «крышовать» етсін, дап-дардай елде содан керемет дауыс иесін таба алмасақ, кім болдық?..

Алғашқы жылын кешірдік, келесі бөлімінде өздері ұялды-ау. Алматының кең көшелерінде сайран сап жүрген Тұщықұдықтық бозбаланы тауып, Құдай жарылқады ұйымдастырушыларды. Өкінішті жері, оған тең келетін бір қатысушының болмауында. Түркістандық Жұбаныш Жексенұлының прототипінен өзге ешкім лайықты деңгейде қарсылық таныта алмады. «Не тревожь мне душу, скрипканы» айтқанда Меладзенің жас кезі елестеп, көзіме жас келді. Әңгіме орысша ән де емес, әңгіме — ғаламат мәтін, әсерлі әуен мен шебер орындауда. Тәңірге үнсіз жалбарынған(Молча богу помолюсь) бала Бауыржан байлыққа кенеліп, Еуропада клип түсіріп үлгерді…

 

Айтпақшы, екінші жылынан кейін байқаудың белгілі бір турына дейін белгілі бір деңгейдегі қомақты қаражатпен өтуге болатынын да естігенбіз ұзынқұлақтан. Арнайы соманы алдын-ала төлеп қойсаң, эфирде жүретін уақытың ұзарады деген әңгіменің шыққаны да көңілді күпті етті. Демек, бұл жерде де қазақтығымызды көрсетіп үлгердік.

Қош! Үшінші кезеңге де таядық. Несін айтайық, биылғы доданы қарауға да аса қатты ынта болмады. Халық та жексенбі болатын «Қазақстан дауысын» емес, көрерменін сыйлайтын орыстың жұмадағы «Голосы» мен американың сенбідегі «VOICEын» қараған шығар. Тәлімгерлері қандай, қатысушылары қандай! Эстрадамыздағы әншілер қолдарына су құюға жарамай қалады-ау. «Grammy-дің» ондаған статуеткасының иегерлері, «Евровидениенің» жеңімпаздары, атақтары жер жаратын вокалисттер, т.б. небір майталмандар (Кристина Агилера, Адам Левин, Дима Билан, Грегорий Лепс, Блейк Шелтон, Си Ло Грин, Александар Градский, Полина Гагарина).

Бізде. Бізде — сооол…

 

Қазақша әнге көп уақыт берілгендігін түсінемін, бірақ бұл — әлемдік байқаудың аналогы ғой. Демек, ән қазақша айтылса, тойдың әндері шырқалсын деген сөз емес. Қатысушының дауысын сан қырынан көрсете алмайтын арзанқол әндер тыңдарманды мезі етті. Бас жүлдені алған Мұратбек те «финалға жеткен осы екен» деп, көңілді отырыста, не көлікте отырып қана тыңдалатын «Ханшайымымды» айтты да, қорытынды кештің сәнін кетірді. Диана Исмаилованың ақтық мәреге жеткеніне таң қалған жалғыз мен болмауым керек. «Айналайындар-ау, бұл — аты бар, заты жоқ «X-Factor» емес қой» дегіміз келді еріксіз. Жәннат Әділханқызы ше? Қытайдан келген қандасымыз болғаны үшін һәм жарылқаушы «Ұлттық арнаның» рейтингі үшін жүрген «пешка» ғана ма? Әлде, «Илигәй сәулемді» одан басқа жан баласы орындай алмай ма? Алып бара жатқан дауыстың не қажеті бар ол әнге? «Қойшы, халық әні ғой» деп қоя салатынымыз тағы бар… Араларынан суырып алатын жалғыз ғана Ербол болды. Оның өзі «гранд-финалдың қатысушысы» деген ұлкен атаққа лайықтау емес.

 

Биылғы төрт қаһарманға қарап отырып, шетелдің қай байқау болсын, алғашқы турынан-ақ шығып қалатындарын сездім. Өздерін неше апта бойы қалың қазақты мазақ қылып жүргендерін түсінбеген де шығар. Қайтсін, тәлімгерде жоқ ақыл шәкіртке бұйырсын ба?!

P.S.: Сосын біздегі данышпандар бір әнді үш жыл қатарынан айтып келе жатыр ғой. Қоржындарында жұрттың санасында жатталып қалған ескі серенадалар мен ести-ести құлақ талған элегиялар. Былтырғы жылдың үздігі айтқан марқұм Есенқұл ағамыздың сөзіне жазылған «Өмір өтті зырғып ағып» әнін биылғы жылдың жеңімпазы да (бір маусымда екі рет орындаған) қайталап орындаған болатын. Бұл әннің, онымен қоса, марқұм Ержан Серікбаевтың «Кім білген?» әнінің байқаудың үш жылдық тарихында қанша рет шырқалғанын бір Құдай біледі!.. Қандай маразм десеңізші!..

Дауыс Интернешнлұлы