Қуаныш Ысқақов есімді facebook қолданушысы өзінің жеке парақшасында қызықты бейнежазба жариялады. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан бұл видеода Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мен жергілікті тұрғындардың бірінің қысқаша әңгімесі түсіріліпті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жазбада ашулы тұрғын облыс әкімінің нысандардың бірін аралауына байланысты "қоғамдық көліктерді жүргізбей, көшелерді жауып тастағанына" ренішін білдірген. Ол қаладағы мекемелердің бірінен шабармандарын шұбыртып шығып келе жатқан әкімнің алдына барып осы мәселені төтесінен бір-ақ қойған.
«Саламатсыз ба, апай! Сіз бе Қызылорданың әкімі? Сіз бе, келе жатырмын деп жолды жаптырып жүрген!? Жолды жауып тастағандықтан жаяу келдік ауруханаға. Ханның қызысыз ба? Неге өйтесіздер, халықты қорлап. Халық әбіржіп жатыр. Халықтың жайын білігіңіз келсе, жаяу жүріңіз бізге ұқсап. Міне, Қызылорда облысының әкімі осындай. «Келе жатырмын» деп жолды жаптырып тастайтын», - дейді кадр сыртындағы дауыс.
Бір қызығы, Гүлшара ханым дәл мұнда оқыс кездесу болады деп күтпеген секілді.
«Иә, иә! Жаптырған жоқпын!, Ашыңдар!» деуге ғана шамасы жеткен. «Жаяу жүруден шаршадық!», - деп ренішін айтқан тұрғындармен тілдесіп, мән-жайды түсіндіріп жарытпайды. Бірден есік пен төрдей қара көлігіне мініп көзден ғайып болады. Артынан көмекшілері мен әкімдік қызметкерлерінен құралған шабармандар тобы жанұшырып ере жөнелгенін байқауға болады. Қызылордалықтар «бұл не ханның қызы ма, өзі?» деп қала берген.
Аталмыш жазбаның нақты қашан әрі қай жерде түсірілгені белгісіз.