"Ордаға асыл мақсатпен келдік". Бұл - кеше облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай Бөкей Ордасы ауданына аттанған «Жайық Пресс» медиахолдингінің делегациясын бастап барған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің сапар мақсаты туралы айтқан сөзі.
Экспедиция бағытына Орда жерінің таңдалып алынуы бекер емес. Өйткені осы мекенде заңгер, ағартушы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен қос басылымның бастауында тұрған «Ұран» газеті дүниеге келген. Өз кезегінде басылым ел зиялыларының сол замандағы идеяларын насихаттауда маңызды рөл атқарды.
Сапар Жаңақала ауданында орналасқан Мәмен мен Тұяқберді күйшілердің кесенесіне зиярат етуден басталды. Мерейтойлық экспедиция қатысушыларын жаңақалалық және бөкейлік тұрғындар қарсы алып, дәм ұсынды. Әр ауданда қос басылымның ғасырлық мерейтойымен құттықтаған қос ауданның әкімдері - Наурызбай Қарағойшин мен Нұрлан Рахымжанов ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
Ордаға жеткен жолаушылар Хан зиратына аялдады. Марқұмдардың рухына құран бағышталған соң, делегация мүшелеріне Жәңгір хан, М.С.Бабажанов, Дәулеткерейлердің өмір жолы, осы кешендегі құлпытастар тарихы таныстырылды. Айта кетейік, өткен жылы тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова бастаған ғалымдар бөкейлік хандардың жерленген орындарындағы құлпытастарды зерттеген болатын.
Оралдан келе жатқан жолаушыларды ауыл тұрғындары ерекше қошеметпен қарсы алып, қош келдің айтты.
«Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, аталған экспедиция Елбасының «Туған жер» бағдарламасымен үндеседі.
- Қос газеттің 100 жылдығына дайындық барысында Орда жеріне аяқтай барып, бар кереметті көзбен көріп келеміз деп мақсат етіп едік. Ойлап қарасаңыз, осыдан дәл 100 жыл бұрын, осы өлкеде ата-бабаларымыз газетті шығару жолында жұмыс істеді. Бұл істің басында Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев сияқты ұлы тұлғаларымыз болды. Біз «Қазақстан», «Ұран» газеттерін неге таба алмадық? Өйткені қос басылым да халықты азаттыққа, сауаттылыққа шақырып, өз алдымызға ел болуға үндеді. Осы жолда жан аямай қызмет қылды. Осы ұстанымдары үшін де басылымдарымыздың өзі репрессияның құрбаны болды. Енді біздің мақсат – тәуелсіздіктің қадірін ұғынып, ұлылар бастаған істі халыққа таныту, әрі қарай жалғау. Меніңше, ол үшін әр қызметкер маңыздылығына терең мән беру қажет. Делегация құрамында алпысты алқымдаған алдыңғы буыннан бастап жас буын өкілдері де қатысып отыр. Олар бүгінгі сапардан қанаттанып, ой түйіп қайтса деген шынайы ниетіміз бар. Бүгін 30-ға тарта қызметкер осы мақсатта баспасөздің бастауы болған қасиетті Ордаға арнайы бас тіредік. Осы жолда бізді қолдаған әр азаматқа алғысымды білдіремін, - деді Ж.Набиоллаұлы.
Бұдан кейін экспедиция қатысушылары «Ұран» газетінің алғашқы нөмірінен бастап жарық көрген тұңғыш баспахана орналасқан үй алдында салтанатты шара өткізіп, үйге бас сұғып, аралап көрді. Қазір бұл үйде 1958 жылдан Рафаэль Денгизбаев есімді азамат тұрады. Атырау облысында дүниеген келген Рафаэль ата-әжесінің бауырында өскен екен. Атасы Абдолла Тенгизбаев баспаханада қызмет жасаған. Баспахана орналасқан үй сол қалпы сақталған. Тек тұруға қолайлы болуы үшін аз ғана жаңғыртылған.
Қос газеттің ғасырлық мерейтойына арналған экспедиция жалғасуда.
Айдана Хамидуллина