Баспа беттерінде жарық көрген хан Жәңгірдің ұрпақтары туралы ғылыми-зерттеу мақалаларда ұлдары мен үш қызы туралы деректер жазылып жүр. Т.Боранғалиевтің «Жәңгір хан» кітабында: «Жәңгірдің Зағира есімді қызы болған. Алайда қырқыншы жылдардың басында хан отбасы туралы құжаттарда Зағира туралы дерек кездеспейді, ертерек, жас кезінде қайтыс болса керек» - деп келтіреді. Зағирадан басқа Жәңгірдің Зылиха, Хадиша, Ғайша (кей деректерде Айсұлу) деген қыздары болған. Ғайша ертерек қайтыс болған, ал Зылиха мен Хадиша туралы мәлімет көпшілікке белгілі. А.Терещенконың 1853 жылғы «Москвитянин» журналындағы «Ішкі Қырғыз Қайсақ ордасы» еңбегінде: «Обе дочери получили образование европейское, домашнее, любя их за мягкость нрава и доброту, именовали по-своему: Зюлейку позывали Гюль-май (розовое масло), а Ходычу Ходы-Джан (душенка Ходы)» («Ханның екі қызы үйден еуропаша білім алған, оларды жұмсақ мінездеріне қарай жақсы көріп Зылиханы Гүлмай, Қадишаны Қадижан деп атап кеткен») - деп жазған.
Зағира туралы зерттеуді мақсат етіп, мұрағат құжаттарын қарастырдық. Жәңгірдің 1837 жылы 3 сәуірде толтырған қызметі мен мәртебелері туралы формулярлық тізімнің отбасы туралы 5-нші пунктінде:
Имеет двух жен: Фатиму Мухаммеджанову 28 и Юзум Асрепову 30 лет. Сыновей восемь. Дочерей четыре: Зогрю 8 лет, Зуляху 5 лет, Гайслу 2 лет, Хадычу полгода» («Екі әйелі бар: Фатима Мухаммеджанова 28 және Жүзім Асрепова 30 жаста. Ұлдары сегіз. Қыздары төртеу: Зогря 8 жаста, Зуляха 5 жаста, Гайслу 2 жаста, Хадыча жас жарымда»).
Бұл тізімдегі «Зогрю» - Зағира, кей деректерде Заһира. Ал 2002 жылы Алматы қаласынан басылып шыққан «История Букеевского ханства 1801-1852 г.г.» кітабының есімдер көрсеткішінде «Зогрекей (Зогрю, Зюрекей) (род. 1829), дочь хана Джангира, жена Джаганшаха Чингалиева» («Зогрекей (Зогрю, Зюрекей) (1829 жылы туған), хан Жәңгірдің қызы, Джаганшах Чингалиевтің әйелі») деп көрсетілген.
Жәңгір 1842 жылы Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф.Генске жолдаған хатында өз отбасындағы ұл-қызының некелері туралы баяндай келе, ұлы Сақыпкерейдің одан бұрын ағаларына атастырылған сұлтан Шыналы Ормановтың қызына үйленетіндігін, қызы Зюрекейді сол Шыналы сұлтанның ұлы Джиганшахқа атастырғанын, жас сұлтанға тана руын басқаруды тапсырғанын және бұл жас жігіттің мақтаулы қабілетімен көзге түскенін, болашағынан үлкен үміт күтетінін жазады.
Жәңгірдің қызы Зағирамен атастырылған Жаһаншах сұлтан Шыналы Ормановтың ұлы, 1822-25 жылдары дүниеге келген, 1842 жылдан тана руын басқарған, 1856 жылы Москва қаласында өткен орыс патшасы ІІ Александрдың таққа отыру салтанатына Ішкі қазақ ордасынан өкіл ретінде қатысқан.
Сақыпкерейге, одан бұрын ханның екі ұлына атастырылған Шыналы Ормановтың қызы Ермекжан ханның Жүзімнен туған ұлы Сейіткерейге тұрмысқа шыққан. Ермекжан – Мұхаметкерей мен белгілі ақын Шәңгерей Бөкеевтің анасы. 1850 жылы 31 жасында қайтыс болған, Хан зиратында жерленген, құлпытасы сақталған.
Тарихи құжаттар жинағында көрсетілген Зағира тұрмыс құрғандығы туралы деректі тарихшылар ханның жазған хаттарын негізге алып жазса керек. Бірақ Зағира тұрмыс құрмай тұрып дүниеден өткен. Олай деуге бірнеше себеп бар. Зағира Хан зиратына жерленген, құлпытасы сақталған.
Құлпытастың табылуы туралы 1998 жылы шілдедегі «Орал өңірі» газетінің №44 санындағы Орда ауданының имамы С.Әшеновтың «Құлпытастар құпиясы» мақаласында: «Жәңгір хан кесенесін саларда сол жерден құмға көміліп қалған көк сырмен жақсы етіп сырланған бір құлпытас шықты. Біз қайта тұрғызып қойдық, жазуын оқып қарағанда, ол: Захир Мұхамбет Салқыжан Жиһангер баласы 14 жаста офат депті де, 1844 жылы өлген» «Сүрер салтанат, уақыт бір сағат Жиһангер» деп жазыпты, - деп баяндайды. Бөкей ордасындағы құлпытас жазуларын алғаш оқып, шешімін тапқан осы Сәрсенбай ағамыз болатын. Бұл жерде құлпытасқа жазылған «ﺰﻫﺮﻩ» сөзінің ешқандай харақатсыз жазылуы және ханның Зағира есімді қызы туралы деректің болмауы дәл табуға кедергі келтіргені сөзсіз.
Құлпытастың арабша әріптермен жазылуы:
ﻠﺎ ﺍﻠﻠﻪ ﺍﻠﻪ ﺍﻠﻠﻪ ﻤﺤﻤﺪ ﺮﺴﻮﻞ ﺍﻠﻠﻪ
ﻜﻞ ﻤﻦ ﻋﻠﻴﻬﺎ ﻔﺎﻦ ﻮ ﻴﺒﻘﻰ ﻮﺠﻪ ﺮﺒﻚ
ﺬﻮ ﺍﻠﺠﻠﺎﻞ ﻮ ﺍﻠﺎﻜﺮﻢ ﻴﺎﻤﻨﺎﻦ
ﺪﺸﺖ ﻘﭙﭽﺍﻖ ﺤﺎﻨﻰ ﺒﻮﻜﺎﻯ ﺤﺎﻦﻨﻨﻚ
ﺍﻮﻋﻠﻰ ﺠﻬﺎﻨﻜﻴﺮ ﺤﺎﻦﻨﻨﻚ ﻨﻮﺮ ﺪﻴﺪﻩ ﻔﺮﺬ
ﻨﺪﻩﺴﻰ ﺰﻫﺮﻩ ﺸﻴﺢ ﺍﻠﺎﺴﻠﺎﻢ ﻤﻔﺘﻰ ﻤﺤﻤﺪ
ﺠﺎﻦ ﻨﺒﻴﺮﻩﺴﻰ ﺪﺍﺮﻔﻨﺎﺪﺍﻦ ﺪﺍﺮﺒﻘﺎﻴﻰﺮﺤﻠﺖ
ﺍﻴﻠﺎﺪﻯ۱۶ﻴﺎﺸﻨﺪﻩ۱۸۴۴ﻴﻠﺪﻩ
ﻘﺎﻠﻮ ﺍﻨﺎ ﻠﻠﻪ ﻮ ﺍﻨﺎ ﺍﻠﻴﻪ ﺮﺍﺠﻌﻮﻦ ﻜﻔﻰ ﺒﺎﻤﺎﻮﺖ
ﺴﺮﻴﺮ ﺴﻠﻄﺎﻨﺖ ﻮ ﺮﻔﻌﺖ ﺴﻌﺎﺪﺘﻰ ﺠﻬﺎﻨﻜﺮﺤﺎﻦ
Қазақ тілінде: Лә иллаһа илла аллаһ мухаммад расул аллаһ куллу ман алайһа фан уа иабқи уажиһи раббка зу алжалал уа аликрам иаманан(Алла ұлы Мұхаммед оның елшісі. Кім болса да бұл жалғанды қалдырады, өлім оған ерте келді. Қайырымды Алла) Дешті қыпшақ ханы Бөкей ханның ұлы Жиһангир ханның көзінің қарашығындай перзенті Зуһра шейх ислам мүфтиі Мұхаммеджан немересі фаниден бақиға сапар қылды 16 жасында 1844 жылы қалу инна лиллаһ уа инна илайһи ражун кафи ба маут (Біз баршамыз Алланың қолындамыз және оған қайта ораламыз) сариру султанат уа рифғат сағадати Жиһангир хан.
Формулярлық тізімде 1837 жылы 8 жаста болса, құлпытаста 1844 жылы 16 жаста екен. Бірінші мәлімет бойынша 1829 жылы, екіншіде 1828 жылы дүниеге келген болып шықты. Бұл жерде формуярлық тізімнің сәуір айында толтырылғанын да ескеру керек.
Тұрмысқа шыққан әйел адамның басына қойылған құлпытасқа шыққан тегі, әкесінің аты, өз аты, кімнің әйелі, кімнің келіні екендігі жазылады, бұл дәстүр күні бүгінге дейін сақталып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше құлпытасқа тоқталайық. Мысалы, Кіші жүз қазақ жұртының ханы, Әбілхайыр ұлы Нұралы хан, Орман сұлтан ұлы Шыналы сұлтан қызы Ермекжан ханым сұлтан Сейіткерей Жиһангир хан ұлының әйелі опат болды, Арқар руы Нұралы ханның немересі сұлтан Сүйінішқали әйелі Шоңқара Қарауыл қожа қызы опат немесе Жамалжан Сайфетдин қызы Гариф Исмаил ұлы Бурнаевтың әйелі опат болды деп көрсетіледі.
Хан Жәңгір 1843 жылдың 31 наурызында жазған хатында да қызын Жаһаншах сұлтанмен атастырып қойғаны туралы ғана жазады. Біздің Зағираның тұрмысқа шықпаған деуге себеп болған тағы бір дерек Фатиманың Екатерина Мерлинге 1843 жылы 23 мамырда жолдаған хаты: «Зюрекея моя благодарит вас за участие в ее судьбе, она действительно помолвлена за сына бывшего ханом зауральских киргизов, но еще не замужем, и свадьба отложена еще на многие годы» («Зюрекейім сіздің сәлеміңізді ыстық ықыласпен қабыл алды, сіздің оның өміріне қызығушылық танытқанына қуанышты, ол бір сұлтанның ұлына атастырылғаныменен әлі де тойы бірнеше жылға шегеріліп отыр») - деп жазады Фатима Тоташ өзінің Пятигорскіде ем алған кезінде туысқанындай болып кеткен Мерлинге.
Ал енді 1846 жылы 16 қыркүйекте жазылған хаттағы: Мы нижеименованные опекуны над наследниками Хана Джангера Букеева и принадлежащим им имуществом Султан Адиль Букей Ханов и Гвардии Поручик Гусейнов усматривая, что состоящий под надзором учрежденного для управления киргизами Внутренней Орды Совета Султан Чингалий Урманов неоднократно настаивал прежде о выдаче в замужество за сына его Джиганшу находящуюся на попечении и воспитании опекунов дочь покойного хана Джангера Зюлейху по тому случаю, что будьто Его Высокостепенство по смерти дочери своей Зюгри, обещал выдать Зюлейху за его сына, и ныне прибыв в , усилил еще более прежнего сказанные свои требования («Біз хан Жәңгір Бөкей ұлының мұрагерлерінің және оларға тиісті мүліктердің қамқоршылары сұлтан Әділ Бөкейханов пен гвардия поручигі Гусейнов Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Кеңестің қарауындағы сұлтан Шыналы Ормановтың қамқоршылардың тәрбиесіндегі хан Жәңгірдің қызы Зылиқаны ұлы Жаһаншахқа тұрмысқа беруді талап етуде, ол ханның қызы Зюгря (Зағира) дүниеден өткеннен соң уәдесі бойынша Зылиханы бермек болғанын алға тартып, бүгінде ға келіп талабын күшейтуде») – деген деректер сөзімізді айқындай түседі.
Сонымен Зағира, Зуһра, Зюрекей, Зюгрекей, Зогрю – формасы тілдердің ерекшелігіне орай әрқилы жазылған бір адамның есімі деген тұжырымға келеміз.
Мақаламыздың мақсаты құлпытаста да талай сыр жатқанын, ол да тарихи дерек сақтаған жәдігер екендігін тағы бір таныту.
Гүлмару Мырзағалиева,
Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің бөлім меңгерушісі,
тарих магистрі
"Danakaz" журналы