Кенесары ханның бас сүйегі табылып, жуық арада елге әкелінетін болды. Бұл туралы Тарих және этнология Институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов сүйіншіледі.
«Сүйінші! Кенесары ханның бас сүйегі табылды. Мені Ұлы ханның бас сүйегін елге қайтару туралы эксперттік комиссия құрамына қосты.
Бүгін біздің Ұлттық тарихымыздың жаңа кезеңі басталады. Бүгін біздің Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік (достық) қарым-қатынасымыздың тіпті, бөлек кезеңі басталады.
Ресей Мәдениет министрлігі тарапынан Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару жөніндегі ресейлік эксперттік құрамға шақырту алдым және өз келісімімді бердім. Өйткені, Кенесары ханның бас сүйегі табылды.
Дәл қазір Ханның бас сүйегінің қайдан табылғаны немесе қазір қайда тұрғаны туралы егжей-тегжейлі айта алмаймын. Бұл жерде дипломатиялық һәм формалды мәселелер бар. Ал Ұлы ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару туралы бастама Ресей билігінің жоғары лауазымды тұлғалары тарапынан болғаны анық», - деп жазды Зиябек Қабылдинов.
(Сегодня начинает свой отчет совершенно новый этап в нашей национальной истории. Сегодня в истории взаимоотношений между двумя нашими дружественными государствами – Россией и Казахстаном - начинается качественно иной этап углубления дальнейших добрососедских и мирных отношений:
Я получил приглашение со стороны Министерства культуры России по вхождению в состав российской экспертной комиссии по возвращению черепа хана Кенесары. Я дал согласие. Дело в том, что... Найден череп Великого Хана Кенесары!
Я не могу передать тонкости его обнаружения или нынешнего местонахождения: нужны некие формальности и небольшие дипломатические тонкости. Но то, что инициатива исходит со стороны высшего руководства России – очевидна!).
Біз профессор Зиябек Ермұханұлының өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап-білдік. Ол аталған ақпаратты растап, Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару туралы жұмыстар басталғанын және жоғарыда өзі жазғандай, дәл қазір бұл істің өте күрделі екенін, дипломатиялық һәм формалды мәселелерді ескере отырып, Ханның бас сүйегін елге қайтару жұмыстарын дабыра қылмай, ың-шыңсыз аяқтау керектігін айтты.
Кенесары қазақ үшін кім?
Зиябек Қабылдинов:
- 2022 жылы Қазақтың Ұлы Ханының бірі, Кенесары Қасымұлының өмірге келгеніне (1802-1847) 220 жыл толады. Орыстың әйгілі ғалымы, тарихшы әрі географ, этногенездің авторы Л.Н.Гумилевтың пікірінше қол астындағы халықтың жанашыры, көршілес мемлекеттер құрмет тұтқан, жаулары сыйлаған Ұлы Даланың нағыз тұлғасы Кенесары болған.
Патшалық Ресейдің әскерилері мен шенеуніктер қызмет талабы бойынша Хан Кенеге қарсы соғысса да, оған шынайы баға беріп, «Хас Батыр», «Қырғыз даласының митридаты», «Бүлікшіл сұлтан», «Батыл басшы», «Қырғыздың ұлттық батыры», «Барлығын талқандаушы дала дауылы», «Қырғыздың Шәмілі», «Ұлы батыр», «Дала батыры» және басқа деп атап, құрмет тұтқан.
Өзінің нағыз адамға тән қасиеттері арқылы әйгілі басшы өзінің жанына түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін топтастыра білді. Көтерілісшілер арасында қазақтан бөлек, орыстар мен башқұрттар, қарақалпақтар мен өзбектер, татарлар мен поляктар болған. Олардың кейбірі қазақ ханының сеніміне ие болып, тіпті жоғары лауазымдарды да иемденген.
Мысалы Кенесарының хатшысы бұрынғы орыс сарбазы болса, оның сүйікті інісі Наурызбай сұлтанның шабарманы да Николай Губин есімді орыс болған. Бедашев пен Малкин есімді орыс сарбаздары хан әскерінің отрядтарын басқарған. Мысалы Малкинді қазақтар «Кичик» деп атаған. Ол жеңілмейтін палуан еді, сондықтан да оны хан «Батыр Мұрат» атты лақап атпен атаған. Кейіннен ол отанына қайтқысы келгенде, Кенесары қасына төрт қазақтың батырын қосып, отанына жіберген. Араға уақыт салып ол қазақ ханына қайта оралып, қазақтың азаттығы үшін күресін ары жалғастырады.
Татар өкілі Әлім Ягудин Әскери Кеңестің мүшесі болса, ондаған жылдар бойы ханның дипломатиялық қызметін Сайдақ-қожа Оспанов есімді өзбек басқарды. Олардың барлығы Кенесары әскеріне жүйелілік енгізіп, көтерілісшілерге әскери және басқару тәжірибелерін берді. Бұл туралы Л.Мейер былай деп атап өтеді: «Кенесарыны сипаттаған сәтте оның орыс тұтқындарына өте әділетті қарағанын атап өту керек. Бұл факт көптеген мысалдармен бекітіледі. Ол өзіне өзгелерді сендіре алу бойынша ұлы қасиетке ие еді. Онда бірнеше орыс әскері соғысты». Кенесары ұрысқа қабілетті 20 мың әскерді жасақтай білді. Ол Шыңғысхан іспетті өз әскерін ондыққа, жүздікке және мыңдыққа бөлді. Ұрыс даласында ерлік танытып, көзге түскен батырларға ол «жүзбасы» және «мыңбасы» атақтарын берді.
Кенесары мергендердің басын қосып, «мергенбасы» басшылық ететін ерекше жасақ құрды. Орыс әскерінің мысалында ол өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін жасатты. XIX ғасырдағы қазақ даласын жақсы білген ағылшын зерттеушісі Т.В.Аткинсон былай деп жазды: «Кенесары қырғыздардан (қазақтар) керемет әскер жасақтады. Маған көпшілік жігіттердің найза мен балтаны ұрыста керемет қолдануы күші басым жаумен соғысуға мүмкіндік бергенін айтты. Оларда мықты офицерлер болса, қырғыздар әлемдегі ең мықты кавалерияны құрайтын еді!».
Түйін. Хан Кененің бас сүйегін елге қайтару туралы сөз Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан бері айтылып келеді. Түрлі мінберлерден, түрлі лауазым иелелі, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері, саясаткерлер және қазақ халқы:«Қазақтың соңғы Ханы – Кенесарының бас сүйегін елге әкелмей толайым той болмайды», - деп келдік.
Сонымен, Ұлы Ханның бас сүйегі мен жеке заттары (мылтығы, дулығасы және т.б) Қазақстанға оралуына бірнеше апта немесе бірнеше ай ғана қалды. Ханның бас сүйегі елге әкелінетін болса, Тәуелсіздіктің туы желбірей түсіп, мемлекет құрушы қазақ халқының рухы көтерілер еді! Кенесары Ханның тағдыры қазақ тарихынан еш уақытта бөлінбейді. Ендеше, сол күнді асыға күтейік...