Жуырда Астана қаласындағы “Radisson” отелiнiң конференц-залында “Қазақстандағы Желтоқсан (1986 жылғы) көтерiлiсiнiң тарихи және халықаралық маңызы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өттi.
Әртүрлi 10 елден келген, әрқилы тарихи-философиялық, социологиялық, саяси мектептердiң өкiлдерi – ғалымдар, қазақстандық және шетелдiк жетекшi қоғамтанушылар, сондай-ақ жас зерттеушiлер өздерiнiң ғылыми баяндамаларында “Желтоқсан-86”-ның тарихи және халықаралық маңызына алғаш рет жан-жақты әрi терең баға бердi.
Академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттар, шетелдiк зерттеушiлер бұл көтерiлiс әлемдiк алдыңғы қатарлы жұртшылық үшiн өктемдiкке, мызғымастай көрiнген тоталитаризмге, кеңес империясына қарсы халықтың жаппай қарсылығының жарқын мысалы болды деп бiрауыздан атап көрсеттi. Польшадан, Түркиядан, Ресейден, Мажарстаннан, Моңғолиядан және басқа да елдерден келген ғалымдар көтерiлiстiң Кеңес империясы мен “социалистiк лагерь” дейтiннiң ыдырауына, демократиялық және ұлт-азаттық процестердiң туындап, пайда болуына тiкелей ықпалы болғанына шынайы дәлелдер келтiрдi. Көтерiлiстiң халықаралық маңызына егжей-тегжейлi талдау жасады. Бұл көтерiлiс кеңес ғылымы мен идеологиясының соғыстан кейiнгi кезеңде орнықтырылған Кеңес Одағында ұлттық мәселеде “проблема жоқтығы”, оның толық әрi түпкiлiктi шешiлгенi туралы аңыз бен жалған қағиданы толықтай талқандап, жоққа шығарды.
Ғылыми форумға қатысқан ғалымдар дәл осы “Желтоқсан-86” Кеңес империясының ыдырауына жол ашты және бұл ретте көтерiлiске қатысушылар қазақ халқының Азаттық пен Тәуелсiздiкке деген бiртұтас ерiк-жiгерi мен ұмтылысын бiлдiрiп, жаппай батырлық танытты, халықты топтастырып, оның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорғады деп есептейдi.
Сапер күректерiмен және сойылдармен қаруланған арнайы мақсаттағы әскер солдаттарының, әскери училищелер мен КСРО IIМ оқу орындары курсанттарының, милицияның жаппай күш қолданғанына, ұрып-соққанына, сондай-ақ қала зауыттарында арнайы дайындалған темiр таяқтармен, болат құбырлардың кесiндiлерiмен қаруланған, “жасақшылар” деп аталатындардың бүкiл Алматы қаласында қудалап, соққыға жыққанына, өздерiне қарсы иттердiң, БТР-лардың, милицияның ерекше отрядтарының пайдаланылғанына, 20 градустық аязда суық су шашқанына, жаппай ұстау мен қамауға алуға қарамастан, көтерiлiсшiлер батырлықпен, халықтың ерiк-жiгерi мен арман-тiлегiн бiлдiрiп, бостандық, демократия және Қазақстанның егемендiгi идеялары жолында 3 күн бойы өз күресiн жалғастыра бердi.
КСРО ОК Саяси бюросы мен КСРО ҰҚК басшылығының тiкелей нұсқауы бойынша көтерiлiстiң шынайы бет-бейнесiн жасырып қалу, одақ iшiндегi және әлемдегi жұртшылықты алжастыру мақсатында, сондай-ақ өздерiнiң саяси қателiктерi мен көтерiлiсшiлерге қатысты жазалау шараларын ақтап алу үшiн көтерiлiстiң ауқымы мен салдарын сипаттайтын мән-жайлар, ресми бағалар мен хабарлар толықтай бұрмаланды, негiзгi деректер мен цифрлар қолдан жасалды.
Ғалымдар және халықаралық конференцияға қатысушылар “желтоқсаншылар” Отанды қорғау жолында жаппай патриотизм мен батырлық көрсетудiң көзi тiрi әрi жарқын өнегесi болып табылады, сондықтан олар мемлекеттiк және қоғамдық өмiрден шетқақпай қалмауға тиiс деп санайды. Олардың ерлiгi қазақстандықтардың бүгiнгi және болашақ ұрпағын тәрбиелеуге лайықты.
Халықаралық форумға қатысушылар “Желтоқсан-86”-ға байланысты мәселелердi жан-жақты талқылап, өздерiнiң “желтоқсаншылар” ерлiгi алдындағы жауапкершiлiгiн ұғынып, Қазақстанның өркениеттi әрi демократиялық мемлекет ретiндегi имиджiне мүдделiлiк танытып, саяси құбылыстарға халықаралық стандарттар мен құндылықтар негiзiнде баға беруде қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастырудың маңызы мен қажеттiлiгiн атап көрсеттi. Осы негiзде қарар қабылданды.
Онда төмендегiдей мәселелер қамтылды.
1986 жылғы 17-19 желтоқсанда Қазақ КСР-iнде болған, КСРО ОК басшылығының ұлттық саясаты мен шешiмдерiне қарсы бағытталып, Қазақстанның азаттығы мен егемендiгiн қорғауды мақсат тұтқан саяси бой көрсетулер көтерiлiс деп танылсын.
Кең ауқымды ғылыми және қоғамдық айналымға “Желтоқсан-86” ұлт-азаттық, демократиялық күштердiң жандануына үлкен ықпалын тигiзiп, басқа процестермен қатар Кеңес Одағының ыдырауына және Қазақстанның тәуелсiздiгiн қалпына келтiруге алып келген, сондай-ақ КСРО орнында тәуелсiз ұлттық мемлекеттердiң құрылуына белгiлi бiр дәрежеде өз әсерiн тигiзiп, қоғамдық-саяси жүйелердiң тайталасындағы теңгерiмнiң демократиялық күштер пайдасына өзгеруiне жол ашқан, сол арқылы бүкiләлемдiк тарихи маңызға ие болған қазақ халқының көтерiлiсi” деген тезис енгiзiлсiн.
“Желтоқсан-86” – бұл егемен Қазақстанның мүдделерi мен болашағы жолында жастардың жаппай патриотизм мен батырлық таныту актiсi.
1986 жылғы желтоқсан көтерiлiсi туралы бұрын берiлген ғылыми бағалар мен тұжырымдар, оның iшiнде 1987 жылғы мамырда Қазақ КСР ҒА-да өткiзiлген ғылыми конференция түсiндiрмелерi конъюнктуралық, саяси және идеологиялық көзқарастардың жетегiнде кеткен,ғылымға жат және объективтi емес деп танылсын.
Желтоқсанның барлық белсендi қатысушылары халқының мүддесi мен Отанының егемендiгi үшiн өз бостандығын, денсаулығын, тағдырын сарп еткен, ал кейбiрi, тiптi, өз өмiрiн қиған, Қазақстанның азаттығы мен егемендiгi жолындағы күрескерлер деп саналсын.
Ғалымдардың халықаралық форумы бiздiң халқымыз үшiн ауыр болған күндерде Қазақстандағы желтоқсан (1986 жылғы) көтерiлiсiне қатысушыларға қолдау көрсетiп, ынтымақтастық танытқаны үшiн Польшаның, Түркияның, Германияның, Мажарстанның, Чехияның және басқа да мемлекеттердiң прогрессивтi және демократиялық жұртшылығына, бұрынғы барша кеңестiк республикалардың, қазiргi тәуелсiз мемлекеттердiң прогрессивтi жұртшылығына, шетелдiк ғалымдарға, ақындарға, жазушыларға, қоғам қайраткерлерiне шынайы алғыс сөздерiн айтады.
ҚР Үкiметiне, Президентi әкiмшiлiгiне, Парламентiне “Желтоқсан (1986 жылғы) көтерiлiсiне қатысушылардың мәртебесi және билiктiң заңсыз әрекеттерiнен зардап шеккен барлық құрбандарды ақтау туралы” заң қабылдау ұсынылсын.
Ғылыми форумға қатысушылар жұртшылықтың талабына қарамастан, не ҚР Үкiметi, не тиiстi министрлiктер мен ведомстволар, не барлық деңгейдегi әкiмдiктер халқымыз тарихындағы тағдыршештi құбылыс – “Желтоқсан-86”-ның 30 жылдығын лайықты түрде қарсы алу жөнiнде “Арнаулы iс-шаралар жоспарларын” қабылдамағанын өкiнiшпен атап өтедi.
Халықаралық ғылыми форум Үкiметке және Астана әкiмiне тәуелсiз Қазақстанның жаңа елордасында “Желтоқсан-86”-ның қаһармандарына” монументтiк кешенiн тұрғызу туралы (демеушiлiк көмек есебiнен жасауға да болады) шешiм қабылдауды ұсынады.
Үкiметке және “Желтоқсан-86”-ның бесiгi Алматының әкiмiне көтерiлiске 30 жыл толып отырған жылы оңтүстiк елордада архивтiк, фото-құжаттық, ұлттық-руханилық, имандылық-патриоттық және басқа да залдар мен сақтау орындарын қамтитын “Желтоқсан-86” тарихи мемориалдық орталығының” iргетасын қалап, құрылысын бастау (демеушiлiк көмек есебiнен де жасауға болады) ұсынылсын.
Қазақстан Республикасының Үкiметiне “Желтоқсан-86” қатысушыларының жаппай батырлығы мен патриотизмiн мәңгi есте қалдыру: қала көшелерiне есiмдерiн беру; ескерткiштер орнату; кiтаптар мен естелiктер сериясын шығару; маркалар шығару; монеталар соғу және т.б. бойынша жеке Қаулы қабылдау ұсынылсын.
ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне, ҚР Ғылым академиясына, ғалымдарға, тарихшыларға мектептiң, колледждiң және жоғары оқу орнының оқулықтарын шығарған кезде “Желтоқсан-86” көтерiлiсiне жеке параграфтар арнау қажет деп есептеу жөнiнде өтiнiш жасалсын.
Ғалымдардың халықаралық форумы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевқа 18 желтоқсанды (басқа күндi белгiлеуге де болады) өз батыр-қорғаушыларына алғыс бiлдiру және тағзым ету белгiсi ретiнде көптеген шетелдерде жасалғандай, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсiздiгi үшiн жанын пида еткен күрескерлердi (қаһармандарды) жалпыұлттық құрметтеу күнi деп жариялау жөнiнде өтiнiш жасайды.
ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне, жоғары оқу орындарының ректорларына, гуманитарлық бейiндегi ғылыми-зерттеу институттарының директорларына, ғылыми және шығармашылық жұртшылыққа жыл сайын Халықаралық “Желтоқсан оқуларын” өткiзу жөнiнде өтiнiш жасалсын.
Ғалымдардың халықаралық форумы ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне, жоғары оқу орындарының ректорларына, докторанттар мен магистранттардың ғылыми жетекшiлерiне iзденушiлерге осы көтерiлiске байланысты диссертациялық зерттеулер тақырыптарын таңдауды ұсынуға кеңес бередi.
Ғалымдардың халықаралық форумы ҚР Президентiнiң әкiмшiлiгiне (жетекшi ретiнде), ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Ғылым академиясына бұрынғы басқа да Одақтас республикалардың үлгiсiмен елдiң қоғамдық ғылымын декоммунизациялау және отарсыздандыру процесiн күшейтудi ұсынады.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiне және ҚР Мемлекеттiк архивiне “Желтоқсан-86” энциклопедиясын шығаруды ұсынады.
"Жас Алаш" газеті