Жыл соңына дейін Қазақстан халқының 99,3% кеңжолақты интернет қолжетімді аумақта тұрады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басында ұялы байланыс операторлары мен біздің министрлік арасында меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес ұялы байланыс операторлары жобаны аяқтауға және 250-ден астам адам тұратын барлық ауылдарды 3G және/немесе 4G қызметтерімен қамтамасыз етуге міндеттелді. Аталған жоба бойынша әзірге 46 ауыл қамтылды, 882 елдімекен жыл соңына дейін қамтамасыз етіледі», - деді спикер Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жыл соңына қарай Қазақстан халқының 99,3% кеңжолақты интернет қолжетімді аумақта тұрады.
«Одан бөлек, 250-ден аз адам тұратын ауылдарды қайтеміз деген мәселе қаралды. Біздің ведомство Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп талдау жүргізді. Қазіргі уақытта 243 елдімекен іріктеліп алынды, онда да кеңжолақты Интернет желісі салынады. Жаңа оқу жылына дайындық бойынша да жұмыс жүргіздік. Интернетпен проблемасы бар мектептер және интернетпен қамтылмаған ауылдардағы оқушылар қалыпты режимде оқиды», - деді В. Ярошенко.