Нұр-Сұлтанда Халықаралық Түркі академиясында Түркі Мемлекеттері Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қарабақ туралы жаңа кітаптар таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркі академиясы «Қарабақ – Әзербайжанның жауһары: тарихы, мәдениеті, табиғаты», «Жоғалған бақыт: Қарабақтың шынайы оқиғалары» және «Әзербайжан Халық Республикасы» кітаптарын шығарды.
«Халықаралық Түркі академиясы Қарабақ мәселесінде әрдайым Әзербайжанның жанында болды, қолдады. Бүгін біздің ең үлкен тартуымыз – Қарабақ туралы альбом-кітап пен Әзербайжан Республикасының жүз жылдығына арналған кітап және Қарабақтың шынайы оқиғалары туралы әңгімелер жинағы жарық көрді. Оған өткен жылдан бері жыл бойы дайындық жүргіздік. Сапалы суреттер мен материалдарды жинастырдық. Біздің бұл кітапты баспаға беруіміз Әзербайжанның Шушаны алуымен сәйкес келді», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі елордада жаңа кітаптардың тұсаукесерінде.
Оның айтуынша, үш кітап та қазақ тілінде жарық көрген. Ал Қарабақ туралы әңгімелер жинағы – әзербайжан тілінен өзге тілде жарық көрген және халықаралық ұйым тарапынан шығарылған алғашқы кітап.
Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы Музаффар Усманов, С.Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, Әзербайжан ұлттық мәжілісінің мәдениет комитетінің басшысы, қоғам қайраткері, журналист Ганира Пашаева және түркиялық жазушы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қырғызстан, Өзбекстан жазушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.