Күзгі маусымда «Хабар» арнасы көрермендеріне бірнеше отандық телесериал ұсынады. Солардың бірі - режиссер Асхат Мұсабайдың «Тағы да сүй» мелодрамасы. Бұл - махаббат пен сезім сергелдеңі, жолыңда кездескен қанша кедергілер мен сынақтарға қарамастан өмір сүруге деген құлшынысты суреттейтін картина.
«Жалпы адам өмірде әртүрлі махаббат сезімдерін бастан өткереді. Кейде сүйген қызы бола тұра, басқа біреуді ұнатып қалады. Біздің баяндайтын оқиғамыз осы туралы. Бір жас жігіттің махаббат хикаясы» - дейді сериал туралы фильмнің режиссері Асхат Мұсабай.
Аян - жасы 25-ке жаңа шыққан сымбатты, білімді жігіт. Әкесі - жарнама агенттігінің басшысы, бизнесмен. Анасы - флорист. Сүйген қызы Асыл екі жыл бұрын жол апатынан қайтыс болып, басты кейіпкер күйзеліске ұшыраған. Оған қоса, кезінде Асылды жетім қыз деп қабылдағысы келмеген әкесімен қарым-қатынасы да нашар. Асыл көбелектерді қатты жақсы көретін. Сол себепті Аян сүйгенінің тағдырын көбелектің қысқа ғұмырына теңеп, мойынсұнуға мәжбүр болады.
Уақыт өте келе жан жарасынан арылған ол Мерей деген арумен бас қосады. Бірақ оған деген тағдырдың сыйы таусылмапты. Аян Асылды қайта жолықтырады. Осылай оқиға шиеленісе түседі.
Картинаға жас актерлер шақырылған. «Жаңа актер, жаңа актрисалармен жұмыс істеп, елге әлі танылмаған жаңа бейнелерді көрсеткіміз келді. Басты рөлдегі Аянды Шалқар Құдайберген деген жігіт сомдайды. Алматы қаласының тумасы. Қыздарға келетін болсақ, Адина Бажан және Астанадан арнайы шақыртылған Нұрсауле Әубәкірова. Нұрсәуле Шабыт университетінің студенті», - дейді Асхат Мұсабай.
Бір қызығы, басты рөлде ойнайтын Шалқар Құдайберген - физика мамандығы бойынша білім алып жүрген студент. «Кинодағы тәжірибем өмірлік көзқарастарымның қалыптасуына әсер етті», - дейді ол. «Өзімнің ойымды толық жетілдіре бастадым. Адамға деген сыйластығым, адамгершілігім, үлкенге деген құрметім, кішіге деген кішіпейілдігім арта бастады. Ең бастысы, бұрын мен адамдардың арасында кішкене қысылатынмын. Бірақ осы рөл мені өзгертті. Себебі кейіпкерім ашық адам», - дейді Шалқар Құдайберген.
Тағы сериалда Әділжан Шомбалова, Айзада Сатыбалдиева, Зарина Омарова және басқа актерлер ойнайды.
12 бөлімді туынды Алматы қаласының ең көрікті жерлерінде түсірілген.
«Жастар туралы сериал болғандықтан әдемі локациялар таңдалды. Қызғалдақтар алаңы, әуе шарларымен ұшу, аспалы жолдарымен жүру, өзен, көл, қайық, романтикалық атмосфераны беруге тырыстық. Құстар, көбелек сынды тіршілік иелерін шынайы етіп көрсету үшін арнайы гарфистер шақырдық. Көрерменге ұнар деген сенімдеміз», - дейді режиссер Асхат Мұсабай.
3 қыркүйектен бастап 21.30-да «Хабар» телеарнасынан «Тағыда сүй» сериалын тамашалаңыздар!