Елордада қазақ тілінде контент жасаушылардың дәстүрлі бесінші форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараның ашылуына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министір Аида Балаева қатысып, ұйымдастырушы тарап – АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігіне алғыс білдірді.
«Биыл тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын бағындырған мемлекетіміздің АҚШ-пен дипломатиялық байланыс орнатқанына да 30 жыл болып отыр. Осы уақыт аралығында АҚШ елшілігі екі ел арасындағы байланысты нығайтуға арналған түрлі жобаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Солардың бірі – дәстүрге айналған қазақтілді онлайн контент жасаушылар форумы. Осымен бесінші рет өткізіліп отырған бұл шара, сөз жоқ, қазақ интернетіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешім табуға септігін тигізетін ауқымды платформа», - деген ведомство басшысы бүгінгі таңда мемлекеттік БАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесі 78 процентке жеткенін атады.
«Оның ішінде телеарнадағы контент – 79,2 процент, баспа басылымдары –84,5 процент және интернет ресурстарда – 59,81 процент. Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік тілде ақпарат тарататын алты сайт қана болса, бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Қазіргі таңда отандық интернет медианың шамамен 14 процент үлесін қазақтілді сайттар құрап отыр. Жылдан-жылға қазақтілді интернет порталдардың саны да, оқырмандар қатары да артып келеді. Соңғы екі жыл ішінде жаңадан 46 сайт ашылды. Отандық медиа қазақ тілінде контент жасау ақпараттық саясаттағы басым бағыттардың бірі. Ол саладағы атқарылған жұмыстардың көлемі де, сапасы да жылдан-жылға артып келе жатыр», - деді Аида Балаева.