Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов "1 қарашада eGov-ты платформалық нұсқаға өткізу туралы шарт жасалады" деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Соңғы кезде «1 қарашада eGov-ты платформалық нұсқаға өткізу туралы шарт жасалады-мыс» деген әңгіме таралып, журналистер мен қоғам өкілдері тарапынан осыған байланысты сауалдар түсіп жатыр.
Бұл АҚПАРАТ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙДЫ. Кейбір кісілер осындай алып-қашпа әңгімелерді қасақана таратуда, сондықтан журналист-әріптестерден тек қана ресми ақпарат көзіне сенуді өтінемін: министрліктің mdai.gov.kz сайты мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары.
Сондай-ақ бұған дейін алғышарттар көрсетілген меморандум жарияланған болатын. Меморандумның толық мәтінін Әділет нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтынан таба аласыздар" - деп жазды ол фэйсбуктағы парақшасында.