05 там, 2024 сағат 12:37

«Кетті, лақты...»: Ән сөзіне қашан талап күшейеді?


Қазақ эстрадасында есті әндер елеусіз қалып, есер әндер елітіп бара жатқаны бұрыннан айтылып келе жатыр. Алайда айта бергеннен құлақтан кіріп, бойды алатын терең әуезді, мәнді-мағыналы әндер көбейе қоймады. Керісінше ұйқасы шала, мағынасы саяз, тіпті бейәдеп әндер сахнаны жаулап бара жатқандай. 

Әннің сөздері тым төмендеп кеткені тыңдарманның кінәсі ме, әлде сұрыптап, електен өткізбеудің кесірінен сахнаны осындай әндер жаулап бара жатыр ма деген сұрақ ақын Ерғали Бақашты жиі толғандырады екен.

«Бұған тыйым салып, өзгерістер енгізіп, тоқтатпаса алдағы уақытта бұдан да сорақы небір сөздері бар әндер шығып кетуі, халыққа тарап кетуі ғажап емес. Сондықтан жеңіл-желпі әндер тек тойлар мен ресторан-кафелерде ғана айтылып, үлкен сахналарда мұндай әндерге тыйым салынуы керек деп ойлаймын», -деді Ерғали Бақаш ULT.KZ тілшісіне. 


Әншілердің де талғамы соншалықты төмен бе?

Осыдан бірнеше жыл бұрын әндердің сөздері жұтаң, ұйқасы нашар десек, ендігі әндердің мәтіндерін ақын тіпті талдап та бере алмайтынын айтады. 

Біз оған KALIFARNIYA есімді әншінің «Пуэрто-Рико» атты әнін ұсынған едік:

«Сен менің зайыбым
Мен сенің айғырыңмын
Басталды
Пуэрто-Рикодағы қызға бас кетеді
Неге?»

«Бұл қандай сөз?! Мұны оқыған адам да, оқымаған адам да қалай түсінеді? Мынаны халыққа не деп түсіндіресің? Мұны қолыңа микрофон алып, қайтіп айтып тұрасың?! Әншілердің де талғамы соншалықты төмен бе деп ойлайсың... Мұндай әндердің сахнада айтылуына өз басым қарсымын. Бұл өлеңдерді талдаудың өзіне келмейді ғой. Әйтеуір жеңіл сөздермен ұйқастырылған, адамды еш ойландырмайтын, не бір тыңдап та әсерленбейтін сөздерден құралған мәтіндер ғой. Бұны не деп талдап, не деп келтіресің?! Бұрын сазгерлер мен ақындар өзара шығармашылық терең байланысып, әндер туушы еді. Ол әндер осы күнге дейін өміршең.  Ал қазір осындай бейәдеп әндер сахнада шырқалады», - деп күйінді ақын Ерғали Бақаш.


Әдептен озған ақындар мен әншілер көбейді

Хәкім Абайдың өзі өлеңдерінде «Әдептен озбайын, көп сөйлеп созбайын» дейтін еді, ал қазір радиодан - бір, теледидардан - екі, әлеуметтік желілерден – үш: «Кетті, лақты, ол тыңдамайды» деп шырқап жатқан Қанай есімді әншінің дауысын естисің.

Бұрынғының әнінде (Ақан серінің «Балқадиша» әні, ред.) «Ішінде қара басың, па, шіркін, хан Қадиша!» деп ақын қыздың сұлулығын көркем теңеулермен тамсана жырласа, қазір «Есімің Балқадиша емес, Балқия. Құдаша, билейікші, кел, бір партия» деп, ән салып, «хитке» айнала салады. Бір жылдан кейін бұл ән ұмытылып, тойда селкілдеп билейтін басқа ән шығады. Мысалы ол әнде «Ақ пакетпенен, көк пакетпенен сарқыттарым да бар» деп, арасында «Молодец! Красавчик! Биіңмен айырдың» деп қосып қояды. Қазір кейбір ақындар эмоциясын осылай жеткізсе керек... 

Ал Qarakesek деген әншінің «Don't Leave Me Here» деген әні сияқты әндердің мәтінін көрсетудің өзі ұят. Себебі анайы сөздерден көз сүрінеді. Бұдан мәтінді жазған адамның ішкі жан дүниесі қандай күй кешіп жатыр екен, осындай былғанған ұйқас құру, оны ырғаққа қосып сахнада шырқау үшін қандай адам болу керек деп қана ойланасың...  

Есте болса, осыдан бірнеше жыл бұрын «Ұйқым келмейді» деген әннің сөзі жұрттың күлкісіне қалған. Оны орындаған әнші де, автор да әлеуметтік желіден де, телеарналар арқылы да ақталып бақты. Алайда бұл қазіргі әндердің мәтініне мән қоса қойған жоқ, әншілерге сабақ та болмады. 

«Қазір адамдар шаршаған»

Біздің сұхбаттасымыздың ойынша мәнді-мағыналы, ұйқасы көркем, тілі шұрайлы әндер өміршең келеді.

Бірақ Абайша айтқанда «көңілге ой салатын» әндер неге азайып кетті? Ақынның пікірінше халықтың талғамы жеңіл-желпі әнге аууының тағы бір себебі, шаршау, жеңіл әннің ырғағымен көңіл серпілту.

«Ән сөздерінен қадір-қасиет кеткелі көп уақыт болды деп ойлаймын. Оны көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың бәрі біледі. Бірақ бұл әндер неге өтімді деген сұрақ туады. Тойларда билегенге ырғақты әуені, музыкасы жақсы болуы мүмкін. Сондықтан көп тыңдалады, көп айтылады. Сосын ол әндер жеңіл. Қазір бір жағынан адамдар да шаршаған осындай жеңіл әуенмен, жеңіл ырғақпен селкілдеп билеп, кішкене болса да көңілін көтергісі келетін болуы керек. Бұл - бір. Екінші жағы, сараптама болуы керек деп ойлаймын. Ән сөздеріне қарайтын сараптама жасайтын арнайы комиссия болуы қажет. Қазақ радиосынан, телеарналардан және сахнадан шығатын әндерге сүзгі керек. Жарайды тойда айтылсын, кафе, ресторандарда айтылсын. Бірақ, үлкен сахнаға деп сұрыптап жақсы әндерді шығару керек деп ойлаймын», - дейді Ерғали Бақаш. 


Ұйқасы нашар, тілі құрғақ мәтіннен тұратын әндер шыға бастағанда көзі қарақты азаматтардың наразылық білдіргені рас. Алайда той бизнесі мен арзан атақтың соңында жүріп, әншілер мұндай әндерден бас тартпады. Нәтижесінде хайп қуамын деп, эстрададағы жаңа толқын тіпті анайы сөздерді әндеріне қолдана бастады. Қазіргі «хит» әндерді орындап жүрген жас әншілер Калифарния, Қанай, Қаракесектердің артынан қандай буын келеді екен?


Балжан Жеңісқызы, ULT.KZ