Түркістан облысы, Кентау қаласында коронавирус жұқтырған әйел босанды. Қазір сәби оқшауланып, облыстық перзентханада дәрігерлердің бақылауына алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, босану уақыты жақындаған 22 жастағы жүкті әйел Кентау қалалық орталық аурухананың жұқпалы аурулар стационарына 27 сәуір күні жатқызылған. Оның денсаулығы толық тексеріліп, коронавирусты инфекцияның орташа дәрежедегі ауырлық жағдайы расталған. Науқаста дене қызуының көтерілуі мен екі жақты пневмония, жөтел белгілері болған. Гемотрансфузия жасалынып, емдеу шаралары жасалған.
Нәтижесінде аурухананың білікті дәрігер-реаниматологтары мен гинекологтары және акушер құрамы жүкті әйелді сәтті босандырып алған. Салмағы 3400 гр болатын ұл бала дүниеге келді.
«Анасы жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдауда. Барлық медициналық шара Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлбану Сыздықованың тікелей басқаруымен жүргізілді. Ана мен бала өміріне араша түсіп, жанкешті ерлік танытқан дәрігер –гинеколог Гүлжан Дүкенбаева, акушер Гүлсанам Мажитова, реаниматолог Ысқақ Қанат пен дәрігер-инфекционист Мухтабар Шерметоваға науқастың туған-туыстары алғыстарын білдіруде», - делінген хабарламада.