17 сәу, 2018 сағат 11:27

Кемероводағы "Зимняя вишняда" болған өрттің себебі белгілі болды (Видео)

Кемероводағы «Зимняя вишня» СО-да өрт ғимараттың шатырында электр сымдарының қысқа тұйықталуынан басталған. Зерттеу жұмыстары Ресей ТЖМ Санкт-Петербург университетінің өртті зерттеу орталығында жүргізілді. Сараптаманың алдын ала нәтижелерін kommersant.ru сайты жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Сарапшылардың алдын ала қорытындысы бойынша төртінші қабатта балалардың ойын алаңының үстінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алған. Сауда үйінің шатыры қардан тазаланбаған, ол еріген, содан соң су сымдарға тие бастаған. Алғаш болып балалардың құрғақ бассейнінің үстінде ілулі тұрған аспашам жанған. Ол үстінен тамып тұрған пластиктің кесіренен өртенген», - делінген жариялымда.

Орталық сарапшыларының айтуынша, өрт соншалықты қатты болмауы керек еді, алайда қосулы тұрған ауа алмастырғыш өртті өршітіп жіберген. Осылайша ғимараттың үстіңгі қабатын жылдам көк түтін басады. Дәл осы кезде кинозалдардың бірінде сеанс аяқталады. Өкінішке орай ғимараттан шығып, аман қалғандар санаулы болды. Кинозалдан шығып үлгергендердің бірі қосалқы есікке барады, алайда ол жабық болып шығады. Шыға алмағандар залда қайтыс болады.

Сонымен қатар, сауда үйінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан сақтайтын автоматты сөндіргіштер орнатылған, алайда олар қосылмай қалған.

Естеріңізге сала кетейік, Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда орталығында 25 наурызда өрт болды. Ғимараттан 64 адам шыға алмай ажал құшты. Оның ішінде 41 бала болды. Қылмыстық іс бірнеше баптар бойынша қаралуда, жеті адам қамауға алынған.

Қазақстан Президенті орын алған қайғылы оқиғаға көңіл айтты. Сонымен қатар, елімізде құрбан болған жандардың құрметіне еске алу шаралары өткізілді және жергілікті сауда ойын сауық орталықтарын жаппай тексеру басталды.