Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген "Новая волна - 2021" конкурсы кезінде фанаттарымен фотосессия өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеода Димаш әртістер шығатын жерде байқауға келген көрермендермен фотоға түсіп жүр. Қоршаудың арғы жағында қалған фанаттар "Димаш! Димаш!" деп айқайлап тұр. Әнші оларды естіп тұрғанын білдіріп, алғысын қайта-қайта айтады.
Фотосессияның соңында кішкентай қыз келіп, суретке түсуді сұрайды. Димаш "Кел, кел, күнім сол" деп құшақтап тұрып фотоға түседі. Сосын "Мен саған гүл сыйласам бола ма? Оны берген адам режімейді деп сенемін" дейді де, бір шоқ раушан гүлін кішкентай қызға сыйлап, маңдайынан сүйеді.
Айта кетері, Димаш Құдайберген "Новая волна - 2021" конкурсының ашылуында екі рет ән айтты. Алдымен Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен наурыз айында шыққан "Your Love" композициясын орындады. Осыдан кейін ақын Шарон Вонның сөзіне жазылған "Stranger" әнінің тұсаукесері болды.
Биыл Димаш Құдайберген конкурстың қазылар алқасының құрамына кірді. Одан бөлек Игорь Крутой, Филипп Киркоров, Светлана Лобода, Сергей Лазарев, Artik & Asti, Леонид Агутин мен Дима Билан төрешілік етуде.
Жарыстың финалында әлемнің 9 елінен 11 қатысушы бас жүлде үшін таласады. Байқауға Қазақстанның атынан "Mezzo" тобы қатысып жатыр.