17 нау, 2021 сағат 10:40

Қазыбек Иса: Демография және көші-қон жөніндегі агенттік құру керек

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса елімізде Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті құруды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын Қазақстан үшін халық санының көбеюінің маңызы зор. Ал басты қауіптердің бірі де осы халық санының азаюынан туындайды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап өткен болатын. 

Кейбір сарапшылардың мәліметінше, шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Олардың алдағы уақытта ассимиляцияға ұшырау қауіпі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз?», - деп тоқталды Қ. Иса Үкімет басшысының атына жолданған сауалында. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары көші-қон баяулап қалған. Бұның бірден бір себебі кезінде көші-қонды жандандырған Көші–қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу бірнеше министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімдігіне берілгенінен болып тұр. 

«Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек. Екіншіден, қандастарымыздың Азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді. Бізде ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден Азаматтық берілетін болуы тиіс», - деді Қазыбек Иса. 

Осы орайда ол қандастарды әсіресе елдің солтүстігі мен шығысына қоныстандыру керектігін, бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған үйлердің бағасы 200-500 мың теңге арасында екенін айтты.