21 там, 2016 сағат 15:54

Kazsport телеарнасы Головкин-Брук жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді

- «Kazsport» қазақстандық телеарнасы атақты боксшы, орта салмақтағы WBA(Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша  әлем чемпионы Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) мен IBF нұсқасындағы титул иегері британдық Келл Брук (36-0, 25 КО) арасындағы жекпе-жекті тікелей эфирде көрсететін болады. 

Бұл туралы «GGG» тобының Инстаграм әлеуметтік желісінде хабарланды.

«Англияның «О2» аренасында 10 қыркүйекте өзімнің алғашқы үлкен айқасымды өткізуге дайындалу үстіндемін. Жекпе-жек тікелей эфирде «HBO Boxing», «Skysports» және «Kazsport» арналарында көрсетілетін болады», - деп жазады әлеуметтік желіде Г.Головкин.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин мен британдық боксшы Келл Брук арасындағы айқас 10 қыркүйекте Лондон қаласындағы 20 мың адамға арналған «O2» аренасында өтеді. Шаршы алаңдағы шеберлер өнерін бүкіл әлемдегі миллиондаған «GGG» жанкүйерлері тағатсыздана күтіп отырғанын еске салғымыз келеді. Айта кетерлігі, Лондонда өтетін Головкинның кезекті жекпе-жегіне билеттер әп-сәтте сатылып кеткен. Ал жерлесіміз Геннадий өзінің осынау кездесуін келіп тамашалау үшін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың атына арнайы шақырту хатын да жолдаған болатын.

ҚазАқпарат