21 мау, 2021 сағат 12:57

Қазпошта экономикалық оператор мәртебесін алды

l

«Қазпошта» АҚ үшін Уәкілетті экономикалық оператор мәртебесі Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің кедендік шекарасынан өтетін жүктерді жеңілдетілген тәртіпте ресімдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанға және шетелге халықаралық пошта жөнелтілімдері мен жүктерді жеткізу жұмыстарын жылдамдатуға септігін тигізеді. 

Ұлттық пошта операторы экономикалық оператор мәртебесі арқылы кедендік рәсімдерді өтуге жұмсалатын уақытты қысқартады және логистикалық тізбекті оңтайландырады. 

Оның ішінде компания клиенттерге жүк жеткізілген кезде оны кедендік ресімдеуден жедел түрде өткізу, кедендік декларацияны тапсыруға дейін жүктерді беру, алдын ала және электрондық декларациялау қызметтерін ұсынады. 

Егер жүк кедендік бақылауға жіберілсе, тексеру жұмыстарын ұзақ процедураларсыз және кезексіз жүзеге асыруға болады. 

Бұған дейін Қазпошта кедендік оператор мәртебесін алды. Оның арқасында компания Кедендік одаққа кіретін мемлекеттердің шекарасынан өтетін халықаралық пошта жөнелтілімдері мен жүктерді рәсімдеу бойынша қызметтің толық кешенін ұсынып отыр. 

Қазпошта күнделікті түрде үлкен көлемде тауар жеткізетін жеке тұлғаларға, шағын және орта бизнеске, ірі компанияларға кедендік рәсімдеу қызметін көрсетеді. 

Бүгінде бұл қызмет Нұр-Сұлтан, Ақтау және Алматы қалаларында қолжетімді. 

Қазпошта алдағы уақытта оның аясын кеңейтіп, еліміздің барлық облыс орталықтарында жүктерді кедендік рәсімдеу қызметін ұсынады. 

Атап өткен жөн, Қазақстан азаматтары сәлемдеменің құны 200 евродан асса және (немесе) салмағы 31 келіден артық болса, оны кедендік рәсімдеу шараларын жүзеге асырады. 

«Экономикалық және кедендік операторлар мәртебелерін алу – бұл кешенді логистикалық қызметтің моделін қалыптастыру жолында компания қызметін трансформациялау аясында жүзеге асырылып отыр. Біздің әріптестерімізге жеткізуден бастап сақтауға дейін, тапсырыстарды басқарудан бастап оның қозғалысын бақылауға дейінгі логистикалық сервистің толық тізбегін ұсынамыз. Жаңа мәртебелердің артықшылықтары Қазпоштаның инфрақұрылымы мен қызметі арқылы халықаралық және ішкі жүк тасымалын, Қазақстан аумағы арқылы пошта жөнелтілімдерінің транзитін дамытуға оң ықпалын тигізеді», - деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.

Қазпошта отандық компаниялармен еліміздің аумағында жүк тасымалдау қызметтерін көрсету бойынша жемісті ықпалдастық орнатты. 

Енді Ұлттық пошта операторы экономикалық және кедендік оператор мәртебелері негізінде ТМД, Орталық Азия, Еуропалық одақ мемлекеттеріне халықаралық жүк тасымал қызметін іске қосуды жоспарлап отыр.