27 қаз, 2021 сағат 11:48

Қазгидромет танымал туристік аймақтарға үш метеорологиялық станса орнатты


Қазгидромет Қазақстанның туристік аймақтарына үш автоматты метеорологиялық станса орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» танымал туристік бағыттарды метеорологиялық мониторингімен қамтуды қолға алды. 

«Пандемия кезінде қазақстандықтарды еліміздің әсем табиғатымен таныстыратын туристік фирмалар мен жекелеген белсенділердің саны күрт өсті. Елімізде белсенді туризмнің дамуы гидрометеорологиялық қамтамасыз етуге деген сұранысты арттыруда. Болжамдардың дәлдігі, жауын-шашын мен дауылды уақтылы хабарлау ішкі туризмнің бірқатар саласының кірістерін қалыптастырады», делінген хабарламада. 

Қазақстанның туристік аймақтарына үш автоматты метеорологиялық станса орнатты. Олар - Шарын шатқалы (Шарын АМС), Көлсай көлі (Көлсай АМС) және Түрген шатқалы (Түрген АМС). 

«Бұрын бұл аймақтар Қазгидромет мониторингісінің жерүсті желісімен қамтылмаған болатын, дегенмен АМС елді мекендердің жанында да, шөлді, таулы және орманды аудандардағы үлкен қалалардан қашық жерлерде де орналасқан. Қорықтар ішінде орналасқан осы үш аймақты таңдауға өз бетімен саяхаттаушылар мен туристік фирмалар үшін нақты ауа-райы болжамының қажеттілігі себеп болды», делінген хабарламада.

«Қазгидромет» РМК-нің бір-үш тәулікке беретін жауын-шашын, жел, ауа температурасы бойынша болжамдарының дұрыстығы 92%-ға дейін жетеді. 

Адамдар көп жиналатын танымал туристік маршруттар аймағына AМС-ты орналастыру келушілерге қолайсыз метеорологиялық жағдай, ауа-райының күрт өзгеруі және дауыл туралы ескерту қажеттілігінен туындап отыр. Қазгидромет алдағы уақытта басқа да танымал туристік бағыттарды мониторингімен қамту көздеп отыр.