«Қазгидромет» РМК ауа райының бұзылуына байланысты тағы бірқатар өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Синоптиктердің мәліметінше, 12 қазан күні Батыс Қазақстан облысының кей жерлерін тұман басып, солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Орал қаласында 12 қазанда солтүстіктен соққан желдің екпіні 18 м/с артады.
13-14 қазан күндері Түркістан облысында, 14 қазанда Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында жауын жауады. Таулы аймақтарда жауын-шашын қатты болатыны (жаңбырдың соңы қарға ұласады) күтіледі. 13 қазанда Жамбыл облысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, екпіні кей жерлерде 23-28 м/с және 30 м/с жететіні болжанады. 14 қазанда күндіз ауа температурасы +5+10 градус болады.
13 қазанда Кызылорда облысының кей жерлерінде солтүстік-батыстан жел соғып, оның жылдамдығы 23-28 м/с артады. Кей жерлерде 30 м/с және одан аса екпінде соғады.
«Қазгидромет» бұған дейін өзге бірнеше аймақта ескерту жариялаған болатын.
Мәселен, Ақтөбе облысында 12-13 қазан күндері ауа температурасы 10 градус жылы болады. Түнде үсік жүреді. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр жылдамдыққа дейін жетеді. Облыстың солтүстік аудандарында қар аралас жаңбыр жауады. 12 қазанда Ақтөбеде өткінші жаңбыр жаууы ықтимал.
Сонымен қатар, 12-13 қазан күндері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында, 13 қазанда Павлодар облысында жауын-шашын болады. Жаңбырдың соңы қарға ұласады. Жел алдымен оңтүстік-батыстан, артынша солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады, екпіні 25 м/с жетуі мүмкін. Ауа температурасы күндіз 3-10 градус нөлден жоғары болады.
Астана қаласында 12 қазанда күндіз және 13 қазанда жаңбыр жауып, оның арты қарға ұласуы мүмкін. 12 қазанда жел оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.