24 шіл, 2020 сағат 19:10

Қазгидромет Қарғалы өзеніндегі көбікке қатысты түсініктеме берді

«Қазгидромет» РМК Алматы қаласындағы Қарғалы өзеніндегі көбікке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

24 шілдеде «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы Қарғалы өзенінің нүктесінде көпірден 0,2 км жоғары Қарғалы өзенінің суынан сынама алу жұмыстарын жүргізген.

«Су сапасын талдау негізгі иондар, биогенді, органикалық және бейорганикалық заттар мен ауыр металдарды қоса алғанда, 44 физикалық-химиялық көрсеткіш бойынша жүргізілетін болады.

Бірінші күнгі алынған судың талдау нәтижелері бойынша: судың температурасы 18,2ºC құрады, сутегі көрсеткіші 7,78, суда ерітілген оттегінің концентрациясы 8,4 мг/дм3, мөлдірлігі – 21 см, иісі – 0 балл, табиғи суға тән емес иіс табылған жоқ, су - мөлдір» - делінген таратылған хабарламада.

Қазіргі уақытта ауыр металдарды, органикалық және биогенді заттарды анықтау үшін су сынамаларына физикалық-химиялық талдау жасалған. Оның нәтижелері 28 шілдеде қосымша жарияланбақ.