11 мау, 2020 сағат 11:50

Қазгидромет Алматы облысында полигондағы өрттің экологияға тигізген әсерін анықтады

«Қазгидромет» Алматы облысындағы полигон өртенген жердегі ауа сынамасын талдаудан өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы облысының Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында «Алматы-Өскемен» автожолының маңында өрт шықты. Оқиға орнына «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы мен Алматы қалалық экология департаменті қызметкерлері бірге барды. Экология департаменті, «Taza alem» ЖШС және «Таза жер» ЖШС өкілдерінің қатысуымен «Қазгидромет» РМК мамандары полигонның өрт шыққан ауданында бірнеше нүктеде ауа сынамасын алып, талдау жүргізді» делінген хабарламада.

Жоспардан тыс іріктеу және талдау нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген шоғырлану мынадай болды:

- өрт шығу ошағынан 1 км қашықтықта - күкірт диоксиді бойынша 1.02 ШРШ;

- өрт шығу ошағынан 1.5 шақырым жерде: формальдегид бойынша - 1.82 ШРШ, күкірт диоксиді бойынша - 1.48 ШРШ асып кетуі тіркелген.