09 қаз, 2020 сағат 11:21

«Қазавтожол» жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аймақтарды атады

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов ұзын жолда жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін бес аймақты атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 1 383 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осының салдарынан 454 адам көз жұмып, 2 160 адам әртүрлі жарақат алды. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының 13 пайызға азайғаны байқалады. Қайтыс болғандардың саны 30 пайызға, жарақат алғандардың саны 22 пайызға азайды», - деді Талғат Смағұлов компанияның Instagram парақшасында сұрақтарға жауап бере отырып. 

Оның айтуынша Алматы, Ақмола, Жамбыл, ШҚО мен Түркістан облыстарында жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні анықталған.

«Әйтсе де осы облыстарда республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардың 26 пайыздық бөлігі ғана жатыр. Біздің оңтүстік өңірде халық тығыз орналасқан. Сонымен қатар СҚО, Қарағанды мен Қостанай облыстарының жолдарында да жол-көлік оқиғаларының артқаны байқалады», - дейді Талғат Смағұлов.