«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ техникалық саясат және сапа департаментінің директоры Нұрлан Құрманбеков «E-QURYLYS» жүйесінің жаңа келісімшарттарда қолдану мерзімін атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«E-QURYLYS жүйесі құрылыс процестері мен құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға арналған жүйе. Бұл журналдарды жүргізудің бірыңғай жүйесін, орындау құжаттамаларын, смета құжаттарын ақпараттық алаңға шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша қағаз-құжат айналымын 66 пайызға азайтады. Сондай-ақ құжаттарды мақұлдасу барысы да электронды форматқа ауыстырылады. Яғни қазіргідей қағаз жолдап жүрмей, мақұлдасу уақытын қысқартып, жұмысты едәуір оңтайландырамыз», - дейді Нұрлан Құрманбеков компанияның Instagram парақшасында сұрақтарға жауап бере отырып.
Оның айтуынша, E-QURYLYS жүйесі құрылыс жұмысына қатысушылар тиісті құжаттардың бәрін электронды түрде көре алады.
«Қазіргі уақытта Құрылыс жұмыстары жөніндегі комитетпен бірге Қарағанды облысында мердігермен бірлесіп, пилоттық режимде жөнделетін жолды айқындап алдық. Яғни E-QURYLYS бағдарламасының тесттік сынағы Қарағанды облысында өткізіледі. Осы жылдың соңына дейін тест аяқталып, соның қорытындысы бойынша есеп дайындап, 2021 жылдың І тоқсанынан бастап бұл жүйе жаңа келісімшарттарда қолданыла бастайды», - деді ол.