28 қаз, 2020 сағат 14:05

Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әлім Алмат туралы фильм түсірілуі мүмкін

Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әлім Алмат туралы фильм түсіруді өкілетті орган қолдады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депуттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлім Алмат туралы көркем фильм түсіру туралы ұсынысты өкілетті орган тұжырымдамалық тұрғыда қолдады және кинематография саласындағы заңнамаға сәйкес қаралатын болады», - деді Асқар Мамин. 

Айта кетейік, таяуда бір топ сенатор Екінші дүниежүзілік соғыста қапыда тұтқынға түскен жауынгерлер ақталуы керектігін мәселе етіп көтеріп, сондай азаматтардың бірі Әлім Алмат туралы фильм түсіруді Үкімет басшысы Асқар Маминге ұсынған еді. 

«Оның бірі - соғыс құрбаны, өмірінің соңына дейін туған жерінде ақталмаған Әлім Алмат болатын. Ол 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы елге қайтар кезде соғыс басталып кетеді. Маусым айының соңында Ә.Алмат дивизиядағы 560 адаммен бірге тұтқынға түседі. Бірақ қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың көмегімен тұтқыннан босап шығып, музыка училищесіне оқуға қабылданады. Талантты музыкант әуелі Париждегі консерваторияда оқиды, кейін түрік елшілігі арқылы Түркия азаматтығын алады. Сол елде қайтыс болды», - деген еді Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Әлімхан Құртаев.