15 сәу, 2025 сағат 12:24

Қазақтың есімі – қазақтың болмысы

Фото: Egemen.kz

Адамның тағдыры оның есімімен де тығыз байланысты. Жалпы, балаға ат қою дәстүрі қазақ халқында ата-ананың асыл парыздарының бірі болған және қай уақытта да солай болып қала бермек. Балаға қазақша есім қою бүгінде неге ұмытылып барады, деген сұраққа Ult.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Осыдан оншақты жыл бұрын Әнел, Іңкәр, Айару, Інжу, Нұрәли, Әли, Мансұр деп ат қою сәнге айналып, жаппай белең алды. Оған дейінгі Қайрат, Қанат, Ербол, Ләззат, Бауыржан, Динара, Сәбира есімдері біртіндеп сейіле бастады. Бірақ бізді бұл емес, қазіргі есімдердегі тектің (фамилия) орыс тіліне тән -ов, ев, -ова, -ева сынды жалғаулардан арылғанымен, туу туралы куәлікке Іңкәрдің – Инкар, Інжудің – Инжу, Әнелдің – Анель болып жазылғаны қынжылтты. Бұл туралы ертеректе арнайы зерттеп, мақала жазғанымызда АХАТ мамандары баланың ата-анасы ХҚКО-ға қандай есім жазып береді, құжат сол үлгімен толтырылатынын алға тартты. Тәуелсіздіктің арқасында қазіргі заңның шапағатын көріп, орыстың -овасы сынды жалғаулардан арылғанымызбен, әлі де болса құжатымызға қазақша қаріптерді қондыруға қорқып жүргендейміз.

Елімізге еңбек сіңірген әртіс, Қазақстанның құрметті журналисі Асқарбек Ақылшаұлы ұлттық болмысымыздан ажырамай, өз немерелеріне тарихи тұлғаларымыздың есімін қойған азаматтардың бірі. 

«Халқымыз ықылым заманнан баланың есіміне ерекше мән берген. Есім – тек атау ғана емес, ұлтымыздың рухани коды. Онда ұрпаққа үлкен үміт жүктелген, алдағы баянды болашағына деген ізгі ниет пен арман-тілек жатыр. Дегенмен кейінгі жылдары сәбиіне шетелдік, еуропалық немесе мән-мағынасы көмескі тартқан, ерсілеу есімдер қою да жиілеп кетті. Бұл құбылыстың себептеріне тереңдесең денең түршігеді. Құдды бір тамырдан ажырап, жаһандануға жұтылып бара жатқандаймыз. Айталық, бүгінде кейбір қазақ ұлтты ата-аналар перзентіне Айлин, Мираслав, Алекс, Самира, Диара, Айлуна сынды «айрықша» есімдерді қойып жүр. Мұндай үрдіс көбіне шетелдік мәдениетке еліктеуден, әлеуметтік желілер мен сериалдар әсерінен туындайды. Яғни, баламның есімі заманауи естілсін, басқалардан өзгеше болсын деген ниетпен кейбіреулер ұлттық дәстүрден алшақтап, оны екінші орынға ысырып қойып жатыр», - дейді А.Ақылшаұлы.


Оның айтуынша, бүгінде есімді таңдау кезінде оның этимологиясы, тарихи контексті ескерілмей жатыр. 

«Бұл – ана тілімізге, төл мәдениетімізге деген самарқау сезім мен салқын қатынастың көрінісі. Мен өз балаларым мен немерелеріме ат қойғанда тарихи тұлғаларымыздың есімі жаңғырып, ұрпағымның рухы мен жігері де асқақтап тұрса деген тілегіме арқа сүйедім. Мәселен, Бақтияр (Ұлы жүздің ұраны), Темір (Әмір Темір), Шыңғыс (Шыңғысхан), Мұхан (түрік қағанатының қағаны), Димаш (Д.Қонаев) Абылайхан (қазақ ханы), Әбілхайыр (қазақ ханы), Төре (Жошыдан тарайтын ұрпақ), Өтеген (батыр, қолбасшы) сынды ұлдарым мен немерелерім бар», - дейді журналист А.Ақылшаұлы.


Кейіпкеріміз қазақша есім қоюды ұлттық идеология шеңберінде қарастырып, мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде талқыға салу керектігін ұсынып отыр. 

Айтуынша, біз бұл мәселені тек қоғамдық пікір мен әлеуметтік желіде пікірталас деңгейінде ғана талқылаудан әріге аса алмай отырмыз. Ал Түркия, Өзбекстан сынды туыстас елдерде ұлттық есімдерді дәріптеу жақсы жолға қойылған екен. Мәселен, Өзбекстанда мемлекеттік телеарналарда «ұлттық есімдер тізімі» насихатталатын көрінеді.

Бүгінде жаңа туған балаға қойып жүрген есімдерге көңілі тола бермейтінін жеткізген журналист А.Ақылшаұлы қазақ есімдерінің сөздігі мен платформасын жетілдіріп, насихатын арттыру керек дейді.

«Анығында қазақша есімдердің қазынасы, мағынасы өте мол. Өкініштісі, көпшілік ата-ана мұны біле бермейтіндіктен жат әрі айтылуы жеңіл есімдерге жүгініп жатады. Осы ретте, заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланып, қазақша есімдер мен олардың мағынасын, тарихын таныстыратын онлайн платформа немесе мобильді қосымшаны дамытқан жөн. Әрине, ғаламторда бірен-саран есімдер жинағы бар. Бірақ ол жеткіліктісіз, әрі жүйесі жоқ. Мұндай электрондық каталог жас ата-аналарға жақсы бағыт-бағдар болар еді», - дейді кейіпкеріміз.


Ал қазақы ат қою дәстүрінің ұмытылуының себептеріне үңіліп көрсек, оның арғы жағында алдымен жаһандану әсері «менмұндалайды». Яғни қазіргі таңда әлем елдері арасындағы мәдени алмасу үдерісі артып, әсіресе батыстық мәдениетке деген қызығушылық күн санап артып барады. Бұл құбылыс балаға есім таңдауда да байқалады.

Екіншіден, қазақы рухани құндылықтардың әлсіреуі де бізді кейін тартып бара жатқандай. Кеңестік кезеңде дін мен дәстүрге тыйым салынғандықтан, ұлттық атаулардың мағынасы ұмытылып, кейбірі тіпті асыра сілтеудің кесірінен «ескірген» деп те қабылданды.

Дін демекші, асыл дінімізде сәбиге ат қоюда мейлінше әдемі есім беру абзал істердің қатарынан саналатыны бар. Бұл туралы кезінде еліміздің бұрынғы бас мүфтиі болған Ержан қажы Малғажыұлы жақсы пікір айтып еді. Қажының айтуынша, балаға ат қоюда алдымен оның әкесі лайықты әрі жауапты екен.

«Дей тұрғанмен, ата-ана балаға ат қоярда сәбидің ата-анасы оның атасына, әжесіне немесе әулеттегі сыйлы ақсақалға, яки болмаса елге құрметті, танымал тұлғаларға да рұқсат бере алады. Көбіне үлкенге деген құрмет пен ізетті қатаң ұстанған халқымыз салт-дәстүрден аттап кетпей, ат қою құрметін баланың атасы мен әжесіне беріп жатады», - дейді Е.Малғажыұлы. 


Үшіншіден, қазақы есімдердің қолданыстан шығып бара жатқанына қалалық өмір салты да әсер етіп жатыр. Қалада өскен жастардың кейбірі өз тамырын, шежіресін жақсы білмейді. Осындай үдерістің кесірінен бабалар атын жалғастыру дәстүрі де әлсіреп барады. 

Қорыта келсек, бұрынғы дәстүрде есімдер баланың тағдырына әсер етеді деген сенім болған. Қазір ондай сенім әлсіреп, есім тек «сұлу естілсе болды» деген қағида қанға сіңіп бара жатыр. Кейбірі қазақ тілінің заңдылығына сай өзгеріске ұшырап енген, ал кейбірі мүлде өзге тілдік формада санамызға сыналап сіңіп жатыр. 

Қалай десек те, әр есімнің артында бір тарих, бір болмыс жатқанын ұмытпайық. Дегенмен, қайтадан ұлттық реңкке оралған Айсұлтан, Алаш, Томирис, Шыңғыс, Бейбарыс, Санжар, Айбар, Назерке, Жанерке, Ақнұр сынды құлаққа жағымды естілетін есімдердің де бар екені қуантады. 

Шынтуайтына келгенде, есім – тек әріптердің әдемі жиынтығы ғана емес. Ол – ұлтымыздың сонау тарих тереңінен талып жеткен үні, қазақ қазақ болғалы болмысымыздың нышанына айналған ана тіліміздің тірегі, сан ғасырлық салт-сананың айнасы. Ұрпағымыздың есімімен бірге ұлттық болмысымызды да сақтап қалатынымызды ұмытуға әсте болмайды. Қысқасы, қазақтың есімі – қазақтың өзі.

Жасұлан Бақытбек