06 мам, 2021 сағат 21:45

Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестігі - 74 пайыз


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Президент Қ. Тоқаевтың әуе апаттарына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, кінәлілерді жауапқа тартуға қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатқанын баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрліктің хабарлауынша, азаматтық авиацияны басқару тәсілдеріне түбегейлі реформа жүргізілді.

Қабылданған шаралар бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыруға, Қазақстанның азаматтық авиациясының халықаралық аренадағы имиджін жақсартуға мүмкіндік берді.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ құрылды (100% мемлекеттің қатысуымен), оның негізгі функциясы – ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық бақылау мен қадағалау. Мұндай тәсіл Қазақстанда және ТМД елдері арасында алғаш рет енгізілді. Басқарудың ұқсас моделі еуропалық азаматтық авиация агенттігінің (EASA) барлық елдерінде, дамыған елдерде (Сингапур, БАӘ, Франция және т.б.) қолданылады және ИКАО мойындайды. Азаматтық авиация саласын реттеудің жаңа моделі ИКАО құжаттарына толық сәйкес келеді және біздің заңнамаға қайшы келмейді. Ал азаматтық авиация саласындағы билікті қалыптастыратын мемлекеттік функциялар – мемлекеттік саясатты айқындау, НҚА қабылдау, тарифтік реттеу, стратегияны айқындау және уәкілетті ұйым басшылығын тағайындау Азаматтық авиация комитетінде қалады» деп жазылған министрлік хабарламасында.

ИКАО аудитінің қорытындысы бойынша (2017) Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі стандарттарға сәйкестік деңгейі 74% құрайды.

Бұл нәтиже әлемдік орташа деңгейден жоғары (63%) және іс жүзінде еуропалық орташа деңгейге (76%) сай келеді.

Авиациялық қауіпсіздік бойынша Қазақстанның ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі – 83%, бұл орташа әлемдік деңгейден 11%-ға жоғары (72%).

Авиациялық әкімшілік 2020 жылы ұшу қауіпсіздігі саласында: 65 инспекциялық тексеру, 9 авиакомпанияны сертификаттау, аэронавигация саласында 17 аудит, 31 әуе айлағын сертификаттау, 19 әуе айлағына инспекциялық тексеру жүргізді.

Оның нәтижесі бойынша ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтамайтын 8 авиакомпанияның, оның ішінде «Бек Эйр», күмәнді жүкті заңсыз тасымалдаумен айналысқан 3 авиакомпанияның қызметі тоқтатылды.

«2009 және 2016 жылдары ИКАО аудитінің қорытындысы бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі – авиациялық оқиғаларды тексеру бағыты болған еді. Бұл мәселеге бірнеше рет назар аударылды және тергеуге жауапты тиісті бөлімшені күшейту қажеттігі айтылды. Қазіргі уақытта алдағы ИКАО аудитінен сәтті өту мақсатында осы бағыттағы жұмыс тиімділігін арттыру мәселесі пысықталуда. Мұнда түрлі нұсқалар қарастырылып жатыр, оның ішінде ҚР ИИДМ авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру жөніндегі басқармасының функцияларын инциденттерді тексеру жөніндегі мемлекетаралық немесе өңірлік органға (мысалы, Мемлекетаралық авиация комитетіне) беру де бар. Осы мәселені егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін тиісті шешім қабылданады», - дейді ҚР ИИДМ.