27 қыр, 2021 сағат 15:13

Қазақстанның медиа тұтынушыларын көбінесе қандай контент қызықтырады?


Отандық медиа нарыққа өлшем жасалып жатыр. Яғни, медиа тұтынушыларды көбінесе қандай контенттер қызықтырады және оны қайдан тауып қарайтыны анықталмақ.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Біз үшін халықты қандай медиа контент қызықтыратыны және оны қайдан қарайтыны маңызды. Осы орайда біз медиаөлшеу жүргізуді қолға алдық. Мақсат – медиа тұтынушыларды не қызықтырантынын анықтау. Оның ішінде қала мен ауыл жұртын қандай ресурстар қызықтыратыны да ескіреледі. Әрине бұл жаңашылдық емес. Медиа нарықта өлшем түсінігі бұған дейін де бар. Біздің міндет медиаөлшемді ашық түрде жүргізіп, қолжетімді ету. Және оған қатысушылардың санын арттыру. Яғни халық қандай медиа контентті қарайтынын түсіну. Айта кететін жайт, бұл бастама еліміздің медиа, жарнама нарығын бақылауды немесе тексеруді көздемейді», - деді К. Ойшыбаев. 

Вице-министрдің айтуынша, медиаөлшем тек телевидение саласында емес, сонымен қатар интернет қауымдастық мен әлеуметтік желілер бойынша да жүргізіледі. 

«Сайттарда көбінесе қандай тақырыптар оқылады немесе желіде не туралы видеолар жиі қаралады оғанда өлшем жасалады. Яғни еліміздің бүкіл медиа нарығына өлшем жүргізіледі. Қазіргі уақытта өлшем телевидение саласы бойынша жүріп жатыр. Оның барысы мен нәтижесі министрліктің ресми сайтына жарияланады. Ал интернет медиа нарығына өлшем жүргізу келесі жылы қолға алынады. Оның қорытындысы да онлайн түрде қолжетімді болады», - дейді ол. 

Айта кетейік, министр орынбасары «Astana Media Week – 2021» медиа апталығы аясындағы «Медианы дамыту стратегиясы» атты дөңгелек үстел барысында баяндама жасады.