14 қаз, 2024 сағат 13:37

Қазақстанның ЭЫДҰ елдерінен еңбек өнімділігі бойынша үш есе артта — Светлана Жақыпова

Фото: Nur.kz

Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту тақырыбындағы Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасап, бірқатар мәселе көтерді. Айтуынша, Қазақстанның еңбек нарығының тұрақты өсуіне қарамастан, мемлекеттің тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыруы үшін одан әрі күш салуды талап ететін бірқатар осал тұстар анықталған.

«Біріншісі – еңбек нарығында ұсыныстарды жасау. Мәселен, мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға және индустрияландыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда. Алайда, соңғы 10 жылғы статистика көрсеткендей, бұл бағдарламалардың әсері жеткіліксіз. Дегенмен, мемлекеттің экономиканы ынталандыру бойынша қабылдаған белсенді шараларына қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлесі шамамен 20 пайызды ғана құрайды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 4 есе аз», - деді С. Жақыпова.


Тиісінше, бүгінде жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамтамасыз етуде. Бұл процестің жанама салдары – Қазақстанның ЭЫДҰ елдерінен еңбек өнімділігі бойынша үш есе артта қалғаны.

«Екінші сын-қатер – формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі. 2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауынша еңбекақы төлеу қоры екі есе көп – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады. Министрліктің ай сайынғы дерекқор мониторингі ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналастырылған әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарналары жоқ екенін көрсетіп отыр», - деді Еңбек министрі.


Сонымен бірге, экономиканың орта кәсіптік білімі бар кадрларға қажеттілігі артып келеді. Бұл ретте бизнес тарапынан сұраныс пен жұмыс күшіне ұсыныс арасындағы сәйкессіздік байқалып отыр.

«Кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс жоғары білімі бар түлектерге қажеттіліктен 70% артық. Біліктілігі орташа және жоғары деңгейдегі жұмыс күшіне ұсыныс көлемі бірдей болып қалуда», - деді С. Жақыпова.