Қазақстанның бірнеше облысының білім ошақтарында оқу процесі тоқтап тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО мен Павлодар облыстарының орта мектептерінде аязға байланысты сабақ тоқтағанына бүгін үшінші күн болды.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, 24 қаңтар күні қатты аязға байланысты Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласы мен барлық аудандарында 1-11 сыныптар аралығында 1-2 ауысымдар бойынша сабақ тоқтатылды.
Павлодар облысында да 1-11 сыныптар аралығында 1 ауысымдар бойынша сабақ тоқтатылған.
Бүгін Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларының 1-11 сынып оқушылары сабаққа барған жоқ.
Астана қаласы, СҚО және Ақмола облысының да 0-11 сыныптары үйлерінде отыр. Қостанай мектептерінде 0-9 сыныптарға сабақ тоқтатылды. Сонмен қатар, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында 15 мектептің бастауыш сыныптары сабақтан босатылды.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті тұрғындарға СМС хабарлама жолдап, 24 қаңтар күні облыста желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жететінін, сақтық шараларын күшейту керектігін ескертіп жатыр. Болжам бойынша, мұндай жел Мұғалжар ауданының территориясында соғады. Облыстың өзге аудандарында желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге дейін жетпек. Сол себепті бұл аймақтарда да оқу процесі тоқтауы мүмкін деп күтілуде.
Ал Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, ауа температурасының 25 градусқа дейін төмендеуіне байланысты облыс мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ тоқтатылған.