
Қазақстанның 4 қаласында ғана кәріз суын тазалау құрылғысы дұрыс жұмыс істеп тұр. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған онлайн сұхбат барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Болат Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде елді мекендердің басым бөлігі кәріз суын тазалау құрылғысымен қамтамасыз етілмеген. Қостанай, Тараз, Семей, Арқалық, Жезқазған қалаларында кәріз суын тазалау жүйесі болғанымен, жұмыс істемейді. Тек 4 қалада, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған және Шымкент қаласында ғана дұрыс жұмыс жасап тұр. Қалғандарында жаңғыртуды, күрделі жөндеуден өткізуді және кей жерлерде жаңа тазарту құрылғысын салуды қажет етеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта мемлекет бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Мәселен, өткен жылдың 12 сәуірінде өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәзір суын тазалау құрылғысын салу және жаңғыртуға барынша қолдау көрсетуді тапсырған.
«Қазіргі уақытта 53 қаланың және елдің мекеннің тізімі жасақталды. Бұл шаруамен айналысып жатқан «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» бар. Біз олармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Орталық арнайы бағдарлама жасауда және оған біз мемлекеттік органдармен бірге көмектесудеміз. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының бастамасымен аталған орталықпен бірлесіп, ғылыми білім беру консорциумын құрдық. Назарбаев Университеті алаңында нарық қатысушыларын оқыту да жоспарлған», - деді Болат Қасымов.
