21 жел, 2020 сағат 12:00

Қазақстаннан шығарылған 6 мың доза «Спутник V» вакцинасы Ресейге тексеруге жіберілді

Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған 6 мың доза «Спутник V» вакцинасының тәжірибелік партиясының сапасын тексеруге Ресейге жіберілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған 6 мың доза «Спутник V» вакцинасының тәжірибелік партиясының сапасын тексеруге Ресейге жіберілді. Вакцина өндірісі толық 2021 жылдың қаңтарында басталады деп жоспарлануда. Зауыт ай сайын кемінде 300 мың доза шығарады», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешеніне барып, «Спутник V» вакцинасын өндіруді бастап берді.

Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау - инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі екенін жеткізді.