«СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Берік Шәріп Қазақстанға шетелден әкелінетін вакциналар қалай әкелініп, қайда сақталатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда шетелден әкелінетін дәрі-дәрмек пен вакциналардың сапасы мен жақсы сақталуын қамтамасыз ету міндетті. Қазіргі таңда бірыңғай дестрибьюторда вакцинаның 20 түрі сақталуда. Олардың бәрі де ереже бойынша +2...+8 градуста сақталуы тиіс. Алайда -15...-20 градуста сақталуы тиіс вакциналар да бар. Оларды тасымалдау немесе сақтау болсын бұл жұмыс температуралық режимді есепке ала отырып, жүргізіледі. Біздегі қоймалардың бәрі де тоңазытқыш камерасымен жасақталған. Нақты талаптарымыз бар», - деді Берік Шәріп Денсаулық сақтау министрлігінің онлайн баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тоңазытқыш камераларына баса ден қойылады. Яғни оған тоқ келмей қалған жағдайда да қайта қосқанша жұмысын жалғастыра алатын қуат көздері бар.
«Сонымен қатар бізде метрологиялық бақылау да бар. Оған сәйкес тоңазытқыш камераларының бәріне де температура мен ылғалдылықты бақылап отыратын жүйе орнатылған. Сенсорлық датчиктер температураның кез келген өзгерісін қалт жібермейді. Вакциналарды тасымалдаудың да тәртібі ретке келтірілген. Біз вакциналарды тоңазытқыш камераларынан алып шыққаннан кейін де жеткізуге арналған құрылғы қарастырылған. Әйтсе де тасымал кезінде көліктің әрбірінде салқындатқыш орнатылғанын атап өту керек. Яғни Алматыдан Нұр-Сұлтандағы қоймаға вакцинаны жеткізудің өзі дәл осындай тәртіппен, құжатпен ресімделе жүргізіледі», - деді ол.
Берік Шәріп сонымен қатар ДСМ-ның тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің тапсырысы негізінде елге қажетті вакцина мөлшері сатылып алынатынын айтады. Осыдан кейін елге жеткізілген вакцинаның бәрі мемлекеттік тіркеуден өтіп, әр партия сертификаттаудан өтеді.