Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңсесінің басшысы Олег Честнов еліміздегі эпидемиологиялық қадағалау дейгейіне баға берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Экономикалық тұрғыдан біз әлі дамыған елдердің дейгейіне жеткен жоқпыз. Алайда эпидемиологиялық қадағалау деңгейі бойынша біз өте қуатты жүйені құра білдік», - дейді спикер Астанада өткен субөңірлік семинарда.
Оның айтуына қарағанда, эпидемиологиялық қадағалау - ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі өткір мәселелердің бірі.
«Себебі, жағдай эпидемия немесе пандемия сатысында болуы мүмкін. Шынтуайтында, құс тұмауы Қазақстанға кіргізілмей тоқтатылды. Себебі, Қазақстанда эпидемиологиялық қадағалау бойынша ең үздік мамандар жұмыс істейді. Ол мамандар Қазақстанның лабороториясын жақсы қолдана білуде», - дейді ДДСҰ өкілі.
Оның айтуынша, дәрігерлер мен ветеринарлар адамдар мен жануарлардың өміріне бірдей қауіпті жұқпалармен өз-өздігімен күреспей, күш біріктіруі керек.
«Қазақстан ауыл шаруашылығына ден қойған мемлекет болғандықтан, мұндағы ветеринария дәрігерлермен бірге халықты қорғай алатындай дәрежеде жұмыс істеп жатыр», - дейді Олег Честнов.
Айта кетерлігі, Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығы ұйымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге тұңғыш рет Орталық Азия мен Еуропа елдері үшін адамдардың да, жануарлардың да өміріне қауіпті бруцеллез, эхинококкоз және құтыру ауруларының алдын алу бойынша субөңірлік кеңес өткізуде.