ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев ел азаматтары қай шет мемлекеттен коронавирус жұқтырып келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылдың 6 қазанынан бастап еліміздің мемлекеттік шекарасының автомобиль өткізу пункттері арқылы 196 мың адам өткен. 364 адамда оң нәтижесі бар коронавирус инфекциясы анықталды. Халықаралық әуе рейстерімен 60 953 жолаушы ұшып келді. 8 827 адамнан тест алдынды. Оң нәтижемен 48 адам анықталды. Атап айтқанда, Түркиядан - 16, Мысырдан - 18, БАӘ-ден - 5, Беларусьтен - 7 және Ресейден - 2 адам», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол ҚР аумағында тұруға рұқсаты бар шетелдіктер, олардың отбасы мүшелері, ҚР азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктер үшін еліміздің шекарасын кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді бұл азаматтар мемлекеттік шекараны 90 тәулікте бір рет қана кесіп өте алады.
«Сондай-ақ 2021 жылдың 1 мамырына дейін 57 елдің азаматы үшін визасыз режимді тоқтатуға мәжбүр болдық. 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін Қытай мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың ҚР аумағында 72 сағат визасыз жүру жеңілдігі тоқталды. Украина, БАӘ, Германия, Беларусь, Түркиямен әуе рейстерінің саны қысқарды. Қазақстан аумағына әуе рейстерімен келген барлық адамда, оның ішінде Қазақстан азаматтарында, сондай-ақ екіжақты халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерде ПТР тестілеу туралы анықтамасы болуы тиіс деген шешім шығарылды», деді ол.