12 жел, 2019 сағат 10:45

Қазақстандықтар көліктердің қандай маркаларына құмар?

2019 жылдың қаңтар-қарашасында Қазақстанда ресми дилерлер 63 404 автомобиль сатты. Бұл осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20,8 пайызға жоғары, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы мәліметінше, аталған кезеңде қазақстандықтар жаңа жеңіл көлік сатып алуға 588,8 млрд теңге қаражаттарын жұмсаған. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 31,1 пайызға көп. Ал осы жылдың қараша айының өзінде ғана 66,4 млрд теңгенің 7 373 көлігі сатылды.

2019 жылдың 11 айында қазақстандық автозауыттарда шығарылған өнімге 36 726 адамның таңдауы түссе, сатылған 26 678 көлік шетелде құрастырылған.

«Осы жылдың қаңтар-қарашасының қорытындысы бойынша сұранысы жоғары қазақстандық брендтердің рейтингін Lada бастап тұр. Республика аумағында ресейлік марканың 13 671 автомобилі сатылған. 13 105 Hyundai моделі өз иесін тапты. Үшінші орында 13 031 бірлігі сатылған Toyota маркасы тұр. Үздік бестік қатарында KIA (3 192 бірлік) мен Ravon (2 899) көліктері де бар. Сонымен қатар ТОР-10 өтімді маркалардың қатарына Renault (2 383), GAZ (2 239), Nissan (2 145), UAZ (1 735 ) және Volkswagen (1 605) кіреді», - деп атап өтеді «Қазавтоөндірістен».

Биылғы жылы мына өңірлердің тұрғындары жаңа автокөліктерді көп сатып алған: Алматы қаласы (16 981 автомобиль сатылды), Нұр-Сұлтан (12 447), Шымкент (4 998), Атырау (4 048), Қарағанды (3 883), Қостанай (3 648), Орал (2 713), Өскемен (2 564), Павлодар (2 286) және Ақтау (2 266).