04 мам, 2021 сағат 12:36

Қазақстандықтар карантинде ДСМ ұсыныстарын орындай ма – әлеуметтік сауалнама


ҚР Президентi жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қазақстандықтардың карантин жағдайында Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын орындай ма, жоқ па деген сауалнама нәтижелерін ұсынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Психология тұрғысынан алғанда, дені сау ересек адамның жеке басының критерийлерінің бірі – бұл өз өмірі мен қабылдаған шешімдері үшін жеке жауапкершілікті алу қабілеті. Бір жылдан астам уақыттан бері біз коронавирустық пандемияға байланысты карантиндік шектеулермен өмір сүріп келеміз. Осы уақыт ішінде әрқайсымыздың өміріміз, көзқарасымыз, тіпті құндылықтарымыз да өзгерді. Денсаулық сақтау тұрғысынан, ең алдымен, көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Сондықтан да әлеуметтанушыларды қызықтырған маңызды мәселелердің бірі – ел азаматтарының Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын орындауы туралы мәселе болды. 

Әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері бойынша респонденттердің жартысынан астамы сауалнама жүргізу кезінде карантин жағдайында әрдайым басты ұсыныстарды орындайтындығын айтқан. Қоғамдық орындарда қорғаныш масканы киіп жүру бойынша жағдай ең жағымды көрсеткішке ие. Респонденттердің 80,9%-ы әрдайым осы ережені ұстанады, ал 17,8%-ы кейде оны сақтайды, ал кейде сақтамайды. Ал қоғамдық орындарда маска кимейтіндер - барлық респонденттердің 1%-нан аз.

Барлық респонденттердің жартысынан астамы ауруға шалдыққан жағдайда өзін-өзі оқшаулайды, дезинфекциялаушы заттарды қолданады және туыстарымен жеке байланысын шектейді. Шамамен әрбір екінші респондент әрдайым басқалардан 1,5-2 метр қашықтықты сақтайды және көшеде жүруді шектейді. 

Сондай-ақ, біздің арамызда қорғаудың қажетті нормаларын БАРЛЫҚ КЕЗДЕ сақтамайтындардың да үлесі жеткілікті екенін атап өткен жөн. Мысалы, шамамен әрбір үшінші респондент отбасылық іс-шараларға қатыса отырып, туыстарымен араласуды жалғастырады, сонымен қатар ауырған жағдайда өзін-өзі оқшаулау режимін әрдайым сақтай бермейді.