28 қаз, 2020 сағат 15:38

Қазақстандық ЖОО алғаш рет THE WUR by Subject рейтингіне кірді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Times Higher Education World University Rankings by Subject 2021» пәндік рейтингісінің қорытындысы бойынша ғылыми көрсеткіштерін жақсартып, бірқатар мамандықтар бойынша позициясын күшейтті.

THE WUR by Subject-те 11 пән бойынша әлемнің 1500-ден астам үздік университеттері зерделенді. Жаһандық рейтинг әдіснамасы көрсеткіштердің бес тобына біріктірілген және жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу қызметінің түйінді салаларын көрсететін 13 басты индикатор негізінде жасалады. 

Рейтингті жасауға арналған мағлұматтар үш дереккөзден жиналады, олар: статистикалық ақпарат, Scopus библиометрикалық базасы және академиялық сарапшылардан сұрау. 

Өткен жылмен салыстырғанда қазақстандық жетекші университет өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты және THE WUR by Subjec позициясын нығайтты. 

Рейтингте ҚазҰУ-дың бизнес және экономика саласындағы мамандықтары (501-600), инженерия (601-800), физикалық ғылымдар (801-1000) сондай-ақ, әлеуметтік ғылымдар (601+) бойынша мамандықтар аталды. 

ҚазҰУ 2020 жылы QS жаһандық рейтингісінің нәтижелері бойынша алдыңғы қатарлы университеттер тізімінде 165-ші орынға ие болып, әлемнің үздік 200 ЖОО-ның қатарына енгенін атап өткен жөн. 

ТМД елдерінен бұл топқа тек Ломоносов атындағы ММУ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ енді. 

Зерттеу университетіне айнала отырып, жетекші қазақстандық ЖОО басқа да әлемдік деңгейде мойындалған рейтингтерде серпінді ілгерілеуді жалғастыруда.