Қазақстандық теннисші қыздар жаңа маусымды Әбу-Дабиде бастайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) 5-13 қаңтарда өтетін ӘбуДаби турниріне қатысушылар тізімін жария етті.
Жарысқа қатысушылар арасында америкалық Софья Кенин, украиналық Элина Свитолина, чехиялықтар Каролина Плишкова мен Маркета Вондроушова, Беларусь өкілі Арина Соболенко, швейцариялық Белинда Бенчич, испаниялық Гарбинье Мугуруса сынды танымал теннисшілер бар.
Қазақстаннан айтулы додада Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова бақ сынамақшы.
Айта кетейік, 10-13 қаңтарда Дубайда Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстары болады. Ал негізгі жарыс 8 ақпанда басталады. Бұл «Үлкен дулыға» турниріне үздік 100 теннисшінің қатарына кіретіндердің дені қатысады. Қазақстандықтардан Е.Рыбакинаның рейтингте 19-ыншы, Ю.Путинцеваның 28-інші, Зарина Диястың 80-орында тұрғаны белгілі. Сонымен қатар Аустралия ашық біріншілігіне Я.Шведова да шақырту алды.