11 қар, 2020 сағат 08:56

Қазақстандық техникалық регламенттерді әзірлеудің тәртібі қайта қаралады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Техникалық реттеу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экономикалық салаларда техникалық реттеуді күшейту бағытына тоқталған ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов: «Еуразиялық экономикалық одақ аясында келіссөздер позициясын сапалы қалыптастыру мақсатында салалық мемлекеттік органдар жанында Сараптамалық кеңестер қызметін қайта құру көзделуде. Қазақстандық техникалық регламенттерді әзірлеудің тәртібі қайта қаралады. Бизнес үшін ерікті сертификаттау жүйесін құрудың құқықтық тетігі белгіленеді», - деді. 

Оның айтуынша, Қазақстанда тиісті зертханалық практиканы дамыту мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Ол үшін ұлттық аккредиттеу орталығына мониторинг органының функцияларын тиісті зертханалық практикаға беру көзделеді. Бұл Экономикалық ынтымастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде қазақстандық сынақ хаттамаларын тануға серпін береді.

«Аталған нормалар қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару, отандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылығын қорғауға және Қазақстанға тиімді позицияларды кәсіби түрде қорғауға бағытталған», - деді Б. Сұлтанов. 

Айта кетейік, заң жобасында ішкі нарықты «тазарту» ескерілген. Бұл мәселедегі заңнамалық жаңалығы – субъектілердің бақылауынан объектілердің бақылауына көшу. Яғни өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексерілетін болады.

Сонымен қатар, сертификаттау кезінде сынақ нәтижелерінің дұрыстығын 100 пайызға дейін жеткізу күтілуде және сертификатталмаған өнімді толық бақылауға алуға мүмкіндік беріледі

«Аталған ережелерді заңнамалық тұрғыдан бекіту - айтарлықтай оң нәтижелерге әкелетінін және Үкіметтің арсеналында бар техникалық реттеу әрі тұтынушылардың құқықтарын қорғау құралдарын толық пайдалануға негізін қалайды. Сондай-ақ, ұсынылып отырған жана заңнамалық база мемлекет үшін бақылау-қадағалау қызметінің айқындығын арттыруға, қауіпті өнімге нарыққа жол бермеуге, сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетуге, бизнес үшінадал кәсіпкерлікке жағдай жасауға, тұтынушы үшін неғұрлым сапалы өнімді таңдауға мүмкіндік береді», - деді министр.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.