01 қыр, 2016 сағат 15:48

Қазақстандық шахматшы қыз енді Ресейдің намысын қорғайды

Еліміздегі талантты шахматшы қыздардың бірі Бибісара Асаубаева алдағы уақытта жарыстарға Ресейдің атынан шығатын болады. Бұл туралы chess-news.ru сайтына сілтеме жасап, BAQ.kz тілшісі хабарлап отыр.

Бибіасара еліміздегі талантты шахматшылардың бірі. Жастығына қарамастан оқушылар арасында үш мәрте әлем чемпионатын ұтқан. Бір рет 8 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында әлем біріншілігінде топ жарған. 7 жасында әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері атағын алған.

Енді, міне, Асаубаева Қазақстанның емес, Ресейдің атынан шығатын болды. Спортшы қызды Мәскеу облысының Шахмат федерациясының президенті Сергей Нестеров шақырған. Бибісара қазіргі Мәскеу облысына қарасты Химки қаласында тұрады.

Бибісара Тараз қаласының тумасы. 2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген. Танымал интелектуалдық ойынға 4 жасында атасы баулыған екен.

Шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықова бұған дейінгі берген сұхбаттарында Федерация тарапынан қолдаудың аздығын айтқан болатын.

Айта кетейік, Бибісара шахматтан бөлек, көркем гимнастикамен де айналысады. Спорттың бұл түрінен Астана қаласының екі дүркін чемпионы атанған. Болашақта көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы болуды және шахматтан әйелдер арасында әлем чемпионы атануды көздейтінін жеткізген болатын.