11 сәу, 2021 сағат 21:30

Қазақстандық палуан Азия аймақтық іріктеу турнирінде чемпион атанды

Қазақстандық палуан Юсуп Батырмурзаев Олимпиада жолдамасын еншілеп, Азия аймақтық іріктеу турнирінде чемпион атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еркін стильдегі 125 келіде күрескен Юсуп Батырмурзаев жартылай финалда Үндістанның палуанымен кездесті. Самит Самитпен өткен белдесу 2:0 есебімен аяқталып, Юсуп Батырмурзаев финалға шықты. 

«Белдесу қиын болды. Дегенмен боз кілемде барлығын бақылауда ұстауға күш салдым. Еңбегім еш кетпеді. Самит есімді палуанмен бір ай бұрын Италия жерінде өткен турнирде күрескен едім. Шебер палуан. Ол кездесуде 10:0 есебімен жеңдім. Бұл жолы жақсы дайындықпен келіпті. Тегеурінді қарсыласты», - дейді Юсуп Батырмурзаев.

Юсуп Батырмурзаев финалда Моңғолия елінің спортшысы Лхагвагерелем Мунхтуромен күш сынасты. Алыптар айқасы соңғы секундқа дейін тартысты өтті. Боз кілемде сенімді күрескен ақтөбелік палуан 4:2 есебімен Азия іріктеу турнирінде чемпион болды.

«Олимпиадаға жолдама қоржында деп арқаны кеңге салуға болмайды. Өз жерімізде өткендіктен Ақтөбе жұртын алтын медальмен қуантқым келді. Сол мақсатым орындалды. Маған сенім артып, қолдаған жандарға алғыс білдіремін. Бапкерлер құрамына рақмет айтамын. Лицензия бізде, енді жылдың ең маңызды сайысына дайындаламыз», - деді палуан.

Айта кетейік, Юсуп Батырмұрзаев 1996 жылдың 13 сәуірінде дүниеге келген. Ақтөбе облысының намысын қорғап жүр. 2020 жылы Азия чемпионатында топ жарған.