Отандық кәсіпорындар мемлекеттік тапсырыс бойынша өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруды аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім еткендей, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі барлығы 1500 аппаратқа тапсырыс берген. Соның ең соңғы партиясы – 102 аппарат Қостанай және Ақмола облысының ауруханаларына жеткізілді.
«Өзге өңірлердің өтінімдері толықтай орындалды. ӨЖЖ аппараттары қойылып, мамандар оқытылып, қондырғылар сервистік қызмет көрсетуге берілді.
Өкпені жасанды желдететін «BIYOVENT» стационарлық аппараттары отандық «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінде жасалды.
Бұдан бөлек, биылғы тамыз айында ҚР ИИДМ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, «Тыныс» АҚ-да шығарылған шағын ӨЖЖ аппараттарымен жедел жәрдем стансаларын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты аяқтады», - деді ҚР ИИДМ-нен.
Мәлім етілгендей, осылайша, ӨЖЖ аппаратының отандық өндірісін жолға қою жөніндегі Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің тапсырмасы орындалып, пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық аясында медициналық мекемелері ӨЖЖ аппараттарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді.
«Өз күшімізбен ӨЖЖ аппаратын өндіру мәселесі көктемде, COVID-19 ауруының алғашқы толқыны кезінде туындады. Ол кезде ӨЖЖ аппараттарын жеткілікті көлемде ақшаға сатып алу мүмкін болмай қалды. Әр ел өздерінің қажеттіліктерін өтеп, баға аспандап кетті. Бір аппарат үшін 20 млн теңгеге дейін сұрады», - дейді ҚР ИИДМ Қорғаныс өнеркәсібін дамыту жөніндегі департамент директоры Сергей Черненок.