Қазақстандық әуе компаниялар 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 млн-ға жуық жолаушыны тасымалдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сенсек, биылғы алты айда отандық әуе компаниялары 3 973 150 жолаушыны тасымалдаған.
Оның ішінде ішкі желілерде - 3 488 675 және халықаралық желілерде - 484 475 жолаушы бар.
Бір жыл бұрын, COVID-19 пандемиясына байланысты жолаушылар ағынының айтарлықтай төмендегені байқалды.
Осылайша 2020 жылдың 12 айында отандық әуе компаниялар 5 260 014 жолаушыны тасымалдады, бұл - 2019 жылмен салыстырғанда 27% төмен.
Отандық әуе компанияларының (Эйр Астана, Scat, Qazaq Air және FlyArystan) болжамдары бойынша ағымдағы жылдың соңына қарай жолаушылар ағынының жалпы саны 9 093 022-ге дейін өсуі тиіс.
Оның ішінде 2021 жылы «Эйр Астана» АҚ әуе компаниясы - 3 482 790 жолаушы, «Scat» АҚ әуе компаниясы - 1 569 410 жолаушы, «Qazaq Air» АҚ әуе компаниясы - 575 996 және нарыққа жақында кірген «FlyArystan» әуе компаниясы 3 464 826 жолаушы тасымалдайды деп жоспарланып отыр.
Осылайша, биыл жолаушылар ағынының саны 2019 жылғы көрсеткіштен (7 227 127 жолаушы) асады деп күтілуде.
Жекелеген әуе компанияларда, атап айтқанда «FlyArystan» өткен ауыр жылға қарамастан, қызмет көрсетілген жолаушылар саны бойынша жыл сайынғы өсімді көрсетеді (2019 жылы - 700 233, 2020 жылы – 1 467 261 және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында – 1 379 400).